Облыс аумағында «Пиротехника» жедел-профилактикалық шарасы өтуде

    Жаңа жыл мерекесі қарсаңында пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сату және талаптарға сай келмейтін өнімдерді қолдану салдарынан төтенше жағдайлар орын алып, жарақат алу қаупі артады. Осы ретте, Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте пиротехникалық өнімдерді пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптары мен құқықбұзушылықтардың алдын алу мәселелері кеңінен айтылды.
    Баспасөз конференциясында өңірде жүргізіліп жатқан бақылау жұмыстары мен заңнама талаптары туралы Қызылорда облысының Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Ердәулет Жаукеев баяндап берді.
    «10 қараша мен 2027 жылдың 3 қаңтары аралығында республика көлемінде “Пиротехника” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Негізгі мақсат сертификатталмаған өнімдердің заңсыз айналымына тосқауыл қою және жазатайым оқиғалардың алдын алу. Бүгінгі таңда полиция қызметкерлері Төтенше жағдайлар департаменті өкілдерімен бірлесіп базарлар мен сауда орталықтарында 18 рейдтік шара ұйымдастырды. Сондай-ақ білім беру мекемелерінде мектеп инспекторлары оқушылар арасында жарақаттанудың алдын алу бағытында арнайы дәрістер өткізуде», – деді Ердәулет Баянбайұлы.
    Жиын барысында спикер тұрғындарға пиротехниканы рұқсатсыз жерде атып, заңсыз сатқандар жазасыз қалмайтынын ескертті. Мәселен, аулада немесе көшеде отшашу атып, тыныштық бұзғандарға (436-бап) 20 АЕК (78 640 теңге) айыппұл арқалауға тура келеді. Ал қолдан немесе рұқсаты жоқ орындарда пиротехника сатқандарға (196-бап) 25 АЕК (98 300 теңге) айыппұл салынып, тауарлары тәркіленеді. Мұндай бұзақылықты жасөспірімдер жасаған жағдайда, жауапкершілік пен айыппұл тікелей ата-аналарына жүктеледі.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қызылорда облысының Полиция департаменті" жаңалықтары