Мемлекет басшысының «Атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес аудан әкімі Азат Оралбаевтың Бөржар ауыл округінің тұрғындарымен есептік кездесуі өтті.
Кездесу барысында аудан басшысы жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды қорытындылап, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен алдағы кезеңнің басым міндеттеріне тоқталды.
Аудан экономикасын дамыту, инвестиция тарту және жаңа өндіріс орындарын ашу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде бірқатар өндіріс нысаны іске қосылып, жұмысын бастады. Өндірістік әлеуетті арттыру мен кәсіпкерлікті қолдау нәтижесінде Ордабасы ауданы облыс көлемінде әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша бесінші орында тұр.
Аудан көлемінде әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, фельдшерлік-акушерлік пункттер, мектептер мен ауызсу нысандары бойынша жоспарланған жұмыстар толық орындалған. Газдандыру деңгейі 70 пайызға жуықтады. Қалған елді мекендерді табиғи газбен қамтуға қажетті қаржы қарастырылып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Жоспарланған жобалар толық іске асқанда аудан тұрғындарын табиғи газбен қамту мәселесі түбегейлі шешімін таппақ.
Сонымен қатар қолданыстағы ауызсу жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Елді мекендердің ішкі көшелерін орташа және күрделі жөндеу жұмыстары қажеттілігі мен басымдығына қарай кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.
Бөржар ауыл округінде де әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту бағытында бірқатар маңызды жоба іске асты. Биыл облыстық бюджет есебінен Ынтымақ ауылында 200 орындық мектеп пайдалануға берілді. Ынтымақ және Жамбыл ауылдарында балабақшалар ел игілігіне тапсырылды. Қайнар мен Ықыластемір ауылдарының бірқатар ішкі көшесіне асфальт төселіп, Ұялыжар, Ынтымақ және Жамбыл елді мекендерінде жолдарға тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар Ықыластемір ауылында спорт кешені пайдалануға берілді.
Ашық форматта өткен кездесуде тұрғындар электр желілерін ретке келтіру, балалар ойын алаңшасын салу, мәдениет үйіне LED-экран орнату, көшелерді асфальттау, ардагерлерге демалыс орнын ашу және жол белгілерін сызу мәселелерін көтерді.
Аудан әкімі айтылған өтініштерді назарға алып, жауапты сала басшыларына әр мәселені зерделеп, нақты шешу жолдарын қарастыруды тапсырды. Барлық мәселе бір мезетте шешілмегенімен, олардың маңыздылығы мен өзектілігіне, қаржылық мүмкіндікке қарай кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын жеткізді.
Тұрғындардан түскен барлық ұсыныс пен өтініш хаттамаға енгізіліп, олардың орындалуы аудан әкімінің бақылауына алынды.
Кездесу соңында ауыл қариясы елді мекенде атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылығын білдіріп, аудан басшысына ақ батасын берді.
Кездесуден кейін аудан әкімі ауыл тұрғындарымен бірге көгалдандыру науқанына қатысты.
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында аудан әкімі ауылдық округ әкімдеріне елді мекендерден арнайы аумақ белгілеп, оны қоршауды, ағаш көшеттерін отырғызуды және тұрақты күтіп-баптауды ұйымдастыруды міндеттеген болатын.
Осы тапсырмаға сәйкес Бөржар ауыл округінің әкімдігі арнайы жер телімін дайындап, қоршау жұмыстарын жүргізді. Аудан әкімі ауыл тұрғындарымен бірге аталған аумаққа 50 түп шырша көшетін отырғызды. Бұдан бөлек, мұнда 100 түп павлония егу жоспарланған.
Отырғызылған көшеттердің жерсінуі мен өсуін қамтамасыз ету үшін тұрақты суару және күтіп-баптау жұмыстары ұйымдастырылады.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.






