Мемлекет басшысының «Атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес аудан әкімі Азат Оралбаевтың Бадам ауыл округінің тұрғындарымен есептік кездесуі өтті.
Кездесу барысында аудан басшысы жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды қорытындылап, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен алдағы кезеңнің басым міндеттерін баяндады.
Бадам ауыл округінде әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында бірқатар маңызды жоба жүзеге асқан. Атап айтқанда, заманауи үлгідегі «Жайлы мектеп» пайдалануға беріліп, денсаулық сақтау нысандары толық жаңартылған. Сонымен қатар спорт кешені мен мәдениет үйі ел игілігіне тапсырылды. Алдағы уақытта ашық спорт алаңшаларын салу және көше жарығын орнату жоспарланған.
Ашық форматта өткен кездесуде тұрғындар Дербес ауылындағы бағдаршамның істен шығуы, көшелерді жөндеу, жарықтандыру бағаналарын жаңарту, медициналық қызмет сапасы, теміржол арқылы өтетін тұрғындарға өткел мен аяқжол салу, қаңғыбас иттер мәселелері көтерілді.
Аудан әкімі айтылған өтініштерді назарға алып, жауапты бөлім басшыларына мәселелерді зерделеп, нақты шешу жолдарын қарастыруды тапсырды. Сондай-ақ барлық мәселені бір мезетте шешу мүмкін болмағанымен, оларды маңыздылығы мен қаржылық мүмкіндікке қарай кезең-кезеңімен жүзеге асыру жұмыстары жалғасатынын жеткізді.
Жол инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жұмыстар да жоспарлы түрде жүргізілуде. Биыл Орда ауылындағы 7 көшеге асфальт төселген. Жөндеуді қажет ететін өзге көшелер де кезең-кезеңімен қамтылады.
Ордабасы, Қарабастау және Мамыр елді мекендерінде газдандыру жұмыстарының орындалу деңгейі 50-70 пайызды құрайды.
Ауызсу жүйесін жаңғырту бағытында ауданда алты елді мекенде күрделі, 11 елді мекенде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, Бадам ауыл округінің ішкі су жүйесін толық жаңарту жоспарланып отыр.
Кездесу соңында ауыл қариясы елді мекенде атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылығын білдіріп, аудан басшысына ақ батасын берді.
Тұрғындардан түскен барлық ұсыныс пен өтініш хаттамаға енгізіліп, орындалуы аудан әкімінің бақылауына алынды.
Кездесуден кейін аудан әкімі Бадам ауылының Шымкент қаласына шыға беріс аумағында жүргізіліп жатқан көгалдандыру жұмыстарымен танысты. Мұнда ауыл ақсақалдарымен бірге ағаш отырғызу науқанына қатысты.
Айта кетейік, аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес ауыл әкімдігі арнайы аумақ белгілеп, ағаш көшеттерін отырғызуға жер дайындаған. Арнайы техниканың көмегімен қазу жұмыстары жүргізіліп, қазіргі таңда мұнда 1000 түп ағаш отырғызылуда.
Сонымен қатар жол бойындағы бағаналар сырланып, әктелуде. Көшеттерді суару үшін абаттандыру техникасымен су жеткізіліп, тиісті жұмыстар ұйымдастырылған.
Аталған шаралар ауылдың кіреберіс келбетін көркейтіп, жасыл желек көлемін арттыруға және елді мекеннің тазалығы мен абаттандырылуын жақсартуға бағытталған.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.






