Лондон, 2026 жылғы 20 қараша– Лондонда «Digital Eurasia» халықаралық іс-шарасы аясында Eurasia Growth Hub ресми түрде ашылды. Қазақстандық Astana Hub пен IT Park Uzbekistan -ның бірлескен бастамасы технологиялық стартаптарды қолдауға және олардың Ұлыбритания мен Еуропа нарықтарына шығуына жәрдемдесуге бағытталған.
Іс-шарада Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшісі Әлібек Бақаев құттықтау сөз сөйлеп, жаңа технологиялық алаңның Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толуы қарсаңында, сондай-ақ Astana Hub-тың құрылғанына сегіз жыл толған жылы ашылуының символдық мәнін атап өтті.
Елші цифрландыру, жасанды интеллектіні дамыту және инновациялық экономиканы қалыптастыру Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған негізгі басымдықтардың қатарында екенін атап өтті. Осы тұрғыда ол Ұлыбританиямен стратегиялық әріптестікті, оның ішінде ғылым, технологиялар және инновациялар салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аударды.
Eurasia Growth Hub-тың ашылуы Astana Hub-тың халықаралық желісін кеңейтудегі кезекті қадам болды.Бұл желі қазірдің өзінде АҚШ, Қытай, БАӘ және Малайзияны қамтиды. Лондондағы алаң Орталық Азияның технологиялық әлеуетін Ұлыбританияның инвестициялық мүмкіндіктерімен, сарапшылық тәжірибесімен және жаһандық іскерлік байланыстарымен ұштастыруға бағытталған.
Өз сөзінде Ә.Бақаев Қазақстанның стартап экожүйесінің жетістіктеріне де тоқталды. Бүгінде Astana Hub шамамен 2 700 компанияны біріктіреді, ал оның қатысушыларының 2019 жылдан бергі IT-қызметтер экспортының жиынтық көлемі 2,4 млрд АҚШ долларына жетті.
Іс-шара барысында цифрлық экономиканың перспективалы бағыттарында жұмыс істейтін Қазақстан мен Өзбекстанның 10 технологиялық стартапы таныстырылды. Қазақстанның стартап экожүйесін қаржы технологиялары, нейротехнологиялар, цифрлық маркетинг және энергетика салаларында шешімдер әзірлейтін Paidax, BrainPatch, DNA Payments, BeHype және TaiSan компаниялары таныстырды.
Хабтың ашылуы Астанада өткен AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумы аясында Astana Hub, IT Park Uzbekistan және Eurasia Growth Hub арасында қол жеткізілген уағдаластықтардың іс жүзіндегі жалғасы болды.
Іс-шараға Ұлыбританияның Сыртқы істер, достастық және даму министрлігінің (FCDO), Қазақстан мен Өзбекстанның дипломатиялық өкілдіктерінің, Ұлыбританияның технологиялық және инвестициялық қауымдастықтарының, венчурлік қорлардың өкілдері, сондай-ақ екі елдің кәсіпкерлері мен стартап негізін қалаушылары қатысты.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









