Қазақстан Елшісі Лондонда өткен жастардың халықаралық климаттық саммитінде сөз сөйледі

    1 / 8

    Лондон, 2026 жылғы 21 қараша – Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы Елшісі Әлібек Бақаев Лондондағы Империялық колледжде өткен Климат және орнықты даму жөніндегі халықаралық жастар саммитіне ( International Climate & Sustainability Youth Summit 2026) қатысты.

    Саммитті климат мәселелерімен және мұхиттарды қорғаумен айналысатын британдық United Nations Association (UNA) Climate & Oceans қоғамдық бірлестігі мен орман өрттері және олардың салдарын зерттейтін Leverhulme Centre for Wildfires, Environment and Society ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырды.

    Саммиттің негізгі спикерлері қатарында UNA Climate & Oceans төрағасы Гонсало Альварес, Қазақстан мен Түркияның Ұлыбританиядағы елшілері, Оксфорд қаласының лорд-мэрі Чеве Мунконге, Ұлттар Достастығының хатшылығының кеңесшісі Офа Мааси Кайсами, сондай-ақ ғалымдар, сарапшылар мен жастар ұйымдарының өкілдері болды.

    Іс-шара барысында Антальяда өткен БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы тараптарының 31-конференциясындағы ( COP31) келіссөздердің барысы, халықаралық климаттық міндеттемелерді орындау, су қауіпсіздігі мен энергетикалық қауіпсіздіктің өзара байланысы, орман өрттерінің қаупі және климаттық жобаларды қаржыландыру мәселелері талқыланды.

    Ә. Бақаев өз сөзінде Қазақстанның орнықты даму саласындағы басымдықтары мен COP31-ге қатысуының негізгі қорытындылары туралы баяндады. Атап айтқанда, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, парниктік газдар шығарындыларын азайту және климат саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне тоқталды.

    Елші Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ жүйесінде Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасына ерекше назар аударды. Ол су қауіпсіздігінің Орталық Азия үшін стратегиялық маңызын атап өтіп, халықаралық институттардың жұмысын үйлестіруді күшейту, олардың атқаратын міндеттерінің қайталануына жол бермеу және жаһандық су мәселелерін шешудегі бірлескен күш-жігердің тиімділігін арттыру қажет екенін жеткізді.

    Осы орайда Ә. Бақаев 11 қарашада Антальяда COP31 аясында Қазақстанның бастамасымен су ресурстарын жаһандық басқаруды жетілдіру жөніндегі жоғары деңгейдегі іс-шараның өткенін хабарлады.

    Елші жастарға арнаған сөзінде халықаралық климаттық міндеттемелерді орындауға жас ғалымдар, кәсіпкерлер мен мамандардың белсенді атсалысуы қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ табиғи қауіп-қатерлерді болжауда, су ресурстарын ұтымды пайдалануда және орнықты энергетиканы дамытуда жасанды интеллект, цифрлық технологиялар мен ғылыми инновациялардың әлеуетіне ерекше назар аударды.

    Саммит Қазақстанның климаттық бастамаларын халықаралық қауымдастыққа таныстыруға мүмкіндік беріп, су және энергетикалық қауіпсіздік, сондай-ақ орнықты даму жөніндегі диалогты нығайтуға ықпал етті.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігіндегі Елшілігі" жаңалықтары