Шымкентте газ құбырындағы апатқа әрекет ету бойынша оқу-жаттығу өтті

    1 / 11

    Шартты төтенше жағдай. А2 тас жолы бойында газ құбыры жарылып, артынша өрт тұтанды. Оқиға туралы хабар түскен сәттен бастап тиісті қызметтер дабыл бойынша көтеріліп, оқиға орнына жедел жетті. Бұл – Шымкент қаласында өткен «Қыс–2026» оқу-жаттығуының сценарийі.

    Оқу-жаттығу аясында Тұран ауданындағы диаметрі 150 мм газ құбырында апат орын алғаны хабарланды. Сценарий бойынша, күннің күрт суытуы салдарынан құбыр жарылып, өрт шыққан. Салдарынан Ақтас-1, Ақтас-2, Қазығұрт, Құрсай және Ақжар шағын аудандарындағы 15 мың тұтынушы мен 12 заңды тұлға газсыз қалған.

    Оқиға орнына жеткен авариялық бригадалар алдымен зақымданған учаскені оқшаулап, газ беруді тоқтату шараларына кірісті. Өрт сөндірушілер жалынның таралуына жол бермеу бағытында жұмыс жүргізсе, полиция қызметкерлері аумақты қоршауға алып, қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етті.

    Осы уақытта тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру жұмыстары да қатар ұйымдастырылды. Арнайы қызметтер халықты зардап шеккендерді қабылдау пункттеріне орналастыру тәртібін пысықтады. Медициналық қызмет мамандары да төтенше жағдай кезінде зардап шеккендерге көмек көрсетуге дайындықтарын көрсетті.

    Жаттығудың басты мақсаты – қыс мезгілінде газ инфрақұрылымында туындауы мүмкін апаттарға жедел әрекет ету, авариялық-құтқару қызметтерінің үйлесімді жұмысын тексеру және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тетіктерін жетілдіру.

    Айта кетейік, мұндай оқу-жаттығулар төтенше жағдай кезінде әрбір қызметтің міндетін нақтылап, ықтимал қауіптің алдын алуға және оның салдарын барынша азайтуға мүмкіндік береді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Шымкент қаласының төтенше жағдайлар департаменті" жаңалықтары