Брюссельдегі Комикстер музейінде қазақ ертегілері мен аңыздары жинағының тұсаукесері өтті

    1 / 10

    Брюссель, 2026 жылғы 25 қараша– Қазақстанның Бельгиядағы Елшілігінің бастамасымен Брюссельдегі Комикс түрінде жарық көрген қазақ ертегілері мен аңыздарының бұл жинағы алғаш рет француз және нидерланд тілдеріне аударылды. Комикс форматындағы қазақ ертегілері мен аңыздарының жинағы алғаш рет француз және нидерланд тілдеріне аударылып, екі тілде бір мезгілде жарық көрді.

    Жинаққа «Ер Төстік», «Айша бибі», «Естай мен Қорлан», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» және «Махамбет» атты бес шығарма енді. Басылым балалар мен ересектерді қазақ фольклорымен және Ұлы дала тарихымен таныстырады.

    «Кейде бір елмен танысу бір ғана оқиғадан басталады. Бала кезіңізде оқыған ертегі өмір бойы жадыңызда қалып, алыстағы елге, оның халқына және салт-дәстүріне деген қызығушылығыңызды оятуы мүмкін», – деді Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Роман Василенко.

    Елші өз сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда іске асырылып жатқан «Кітап оқитын ұлт» жалпыұлттық жобасы туралы да айтты. Жобаның мақсаты – бала кезден кітап оқуды күнделікті әдетке айналдыру. Елшінің айтуынша, «Ұлы дала аңыздары» басылымы кітап оқуға деген осы сүйіспеншілікті Бельгиядағы жас оқырмандармен де, ересек оқырмандармен де бөлісуге мүмкіндік береді.

    Тұсаукесер сәулетші Виктор Орта жобалаған ар-нуво стиліндегі тарихи ғимаратта орналасқан Бельгия комикстер орталығында өтті. Кітаптың комикс түрінде жарық көруіне Бельгияның әлемге әйгілі комикс дәстүрі түрткі болды.

    Бельгия Өкілдер палатасының депутаты Катрин ван Рит комикстердің елдің мәдени мұрасының бір бөлігі екенін атап өтті. Ол Ұлы дала аңыздарын жергілікті оқырмандарға бельгиялықтар бала кезінен жақсы көретін жанрда ұсынғаны үшін қазақстандық серіктестерге алғыс білдірді.

    «Бұл жобаны қолдау – қорымыздың қазақ мәдениетін сақтау және насихаттау жөніндегі жұмысының бір бөлігі. Иллюстрациялар тарихтағы күрделі оқиғаларды түсіндіруге, жастарды әдебиетімізбен таныстыруға және Қазақстанның мәдени мұрасын шетелдік оқырмандарға қолжетімді етуге көмектеседі», – деді Freedom Holding Corp. компаниясының орнықты даму және сыртқы байланыстар жөніндегі бас директоры Бағлана Мусина.

    Кітап 2026 жылғы қазанда Король Филипп пен Патшайым Матильданың Қазақстанға жасаған алғашқы мемлекеттік сапарына орай әзірленді. Сапар барысында кітаптың алғашқы данасы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Король мен Патшайымға табысталды. Бельгияның Король сарайы Қазақстанның бай мәдени дәстүрлері мен көркем мұрасына көңіл бөлінгенін атап өтіп, тұсаукесердің сәтті өтуіне тілектестік білдірді.

    Іс-шараға Бельгияның Король сарайының өкілдері, Бельгия парламентінің депутаттары, мемлекеттік органдары мен оқу орындарының өкілдері, мәдениет қайраткерлері, кітап басу және комикс салаларының мамандары, сондай-ақ Бельгия мектептерінің оқушылары қатысты.

    «Ұлы дала аңыздары» – Елшіліктің «Бельгиядағы қазақ кітапханасы» жобасы аясындағы алғашқы басылым. Жоба аясында қазақстандық авторлардың шығармаларын Бельгияның ресми тілдеріне аударып, жыл сайын басып шығару жоспарланып отыр.

    Тұсаукесер Freedom Holding Corp. компаниясының, Бельгия комикстер орталығының және Қазақстанның Ұлттық аударма бюросының қолдауымен өтті.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Бельгия Корольдігіндегі Қазақстан Республикасының Елшілігі" жаңалықтары