Люксембургте Қазақстан тәуелсіздігінің алдағы 35 жылдығына орай Shanyraq Fest концерті өтті

    1 / 7

    Люксембург, 2026 жылғы 12 қараша– Люксембургте Қазақстан тәуелсіздігінің алдағы 35 жылдығына арналған Shanyraq Fest Luxembourg салтанатты концерті өтті. Концертті Қазақстанның Люксембургтегі Елшілігі Шымкент қаласы әкімдігінің, ERG және Cargolux компанияларының қолдауымен ұйымдастырды.

    Мерекелік кешке Люксембургтің мемлекеттік органдарының, дипломатиялық корпустың, іскерлік және академиялық топтардың, мәдени ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ қазақ диаспорасының мүшелері қатысты.

    Іс-шараның ашылуында Қазақстанның Люксембургтегі Елшісі Роман Василенко құттықтау сөз сөйледі. «Біз Қазақстан мен Люксембург арасындағы қарым-қатынастардың негізінде жатқан өзара сенімді жоғары бағалаймыз және ынтымақтастығымызды одан әрі тереңдетуге мол мүмкіндік бар деп санаймыз», – деп атап өтті Елші.

    Роман Василенко екіжақты ынтымақтастықтың нақты нәтижелері ретінде маусым айында Cargolux компаниясының Астана арқылы жүк әуе тасымалдарын қайта бастағанын, қазан айында люксембургтік компаниялар делегациясының Қазақстанға сапарын, сондай-ақ Люксембургтің SES компаниясының технологияларын пайдалана отырып, Air Astana әуе кемелерінің бортында спутниктік интернеттің енгізілгенін атап өтті.

    «Люксембург пен Қазақстанның ортақ тұстары көп. Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жаңа қарқынмен дамып келе жатқанына қуаныштымын», – деп атап өтті Люксембургтің Сыртқы және еуропалық істер, қорғаныс, даму саласындағы ынтымақтастық және сыртқы сауда министрлігінің Сыртқы сауда мен инвестицияларды ілгерілету департаментінің директоры Пьер Феринг қабылдауда Люксембург Үкіметінің атынан сөйлеген сөзінде.

    «Шымкент концерт» ұйымының әртістері дәстүрлі қазақ музыкасы мен заманауи шығармалардан тұратын концерттік бағдарлама ұсынды. Сахнада «Қаған» этнофольклорлық ансамблі, «Яссы» би ансамблі, дәстүрлі музыка орындаушылары мен ұйым солистері өнер көрсетті.

    Концерттен кейін ресми қабылдау ұйымдастырылып, оның барысында қонақтар мәдени, экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту перспективалары жөнінде пікір алмасты.

    Shanyraq Fest Luxembourg Қазақстан Елшілігінің еуропалық жұртшылықты қазақ өнерімен таныстыруға бағытталған мәдени іс-шаралар сериясының жалғасы болды.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Бельгия Корольдігіндегі Қазақстан Республикасының Елшілігі" жаңалықтары