Гуанчжоу, 2026 жылғы 13 қараша – Гонконг ғылым және технология университетінде (Гуанчжоу) (HKUST(GZ)) Nazarbayev University мен HKUST(GZ) арасында Бірлескен ғылыми зерттеулер туралы келісімге қол қою рәсімі және таза энергетика мен тұрақты даму мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға HKUST(GZ) президенті, профессор Лайонел М. Ни, Nazarbayev University президенті, профессор Вакар Ахмад, Қазақстан Республикасының Гуанчжоудағы Бас консулы Валихан Сарсембеков, сондай-ақ екі университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен ғылыми ұжымдарының өкілдері қатысты.
Рәсім барысында профессор Лайонел М. Ни келісімнің жалпы уағдаластықтардан бірлескен жобаларды практикалық іске асыруға көшуге ықпал етуі тиіс екенін атап өтті. Ол зерттеу топтарына қажетті өкілеттіктер берудің және энергияны жинақтау, жасанды интеллектіні пайдалана отырып энергетикалық жүйелерді басқару, жасыл сутегі және заманауи материалдар салаларындағы алғашқы зерттеулерді бастау үшін бастапқы қаржыландыруды пайдаланудың маңыздылығына тоқталды.
Профессор Вакар Ахмад халықаралық және пәнаралық ынтымақтастықтың ғылыми жұмысты нығайтып, энергетика және су ресурстарын басқару мәселелерін қоса алғанда, ортақ өңірлік міндеттерді бірлесіп шешуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Сондай-ақ ол талантты кадрларға инвестиция салудың, Азия университеттерін дамытудың және ғылыми зерттеулерді өңірлік дамудың практикалық міндеттерін шешуге бағыттаудың маңыздылығын атап көрсетті.
Өз сөзінде Қазақстан Республикасының Гуанчжоудағы Бас консулы Валихан Сарсембеков келісімге қол қою Қазақстан мен Қытай арасындағы академиялық және ғылыми байланыстарды дамытуға қосылған маңызды үлес екенін атап өтті.
Сөз барысында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауына ерекше назар аударылды. Бас консул Мемлекет басшысының білімді, ғылымды және инновацияны қазіргі дәуірдің басты қозғаушы күші ретінде айқындағанын және жоғары технологияларға, ғылыми әзірлемелерге әрі сапалы инженерлік білімге негізделген қуатты экономиканы қалыптастыру міндетін белгілегенін атап өтті.
Ол сондай-ақ HKUST(GZ) мен Nazarbayev University арасындағы ынтымақтастықтың Қазақстанның ғылымды, инженерияны, жасанды интеллектіні дамыту, жоғары білікті мамандар даярлау және энергетиканы жаңғырту салаларындағы басымдықтарына сәйкес келетінін жеткізді.
Қол қойылған келісім бірлескен ғылыми-зерттеу қызметін дамытуға, академиялық алмасуларды кеңейтуге және жаңа білім беру әрі ғылыми бастамаларды әзірлеуге негіз қалыптастырады. Тараптар нақты зерттеу жобаларын іске асыру, оқытушылар мен студенттердің бірлескен жұмысын дамыту және ғылыми ұжымдар арасындағы тікелей байланыстарды нығайту арқылы өзара іс-қимылды практикалық арнаға бағыттауға ниетті.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









