Гуанчжоу инвестициялық басымдықтары мен халықаралық бизнеске арналған жаңа мүмкіндіктерді таныстырды

    1 / 3

    Гуанчжоу, 2026 ж. 4 қараша – Қазақстан Республикасының Гуанчжоу қаласындағы Бас консулдығы «Мүмкіндіктер қаласы – қуатқа толы қала» ұранымен өткен қаланың 12-ші жыл сайынғы инвестициялық конференциясының пленарлық отырысына қатысты. Іс-шараға түрлі елдерден шамамен 1000 инвестор, кәсіпкер, ұйым өкілі және қонақ қатысты.
    Пленарлық отырыста Гуанчжоу қаласының мэрі Сунь Чжиян сөз сөйледі. Ол қаланы халықаралық сауда орталығы, озық өндіріс базасы, ғылыми-технологиялық инновациялар орталығы және Гуандун-Гонконг-Макао Үлкен шығанағы өңіріндегі маңызды көлік торабы ретінде таныстырды.
    Мэрдің айтуынша, қаланың инвестициялық әлеуетін одан әрі дамыту өнеркәсіп, ғылым және қаржы институттары арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға, сондай-ақ жаңа технологияларды енгізуге байланысты. Конференция аясында инновацияларды іс жүзінде қолданудың 500-ден астам сценарийін таныстыру және жиынтық көлемі 600 млрд юаньнан асатын жеке қорлармен өзара іс-қимылды кеңейту көзделген.
    Сунь Чжиян кәсіпорындарға дамудың әртүрлі кезеңдерінде қолдау көрсетуге, 35 өнеркәсіптік кластерді ілгерілетуге және қала билігі мен бизнес арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіруге де тоқталды. Ол Гуанчжоу қаласының инвесторларға жобаларды іске асыруға және қаладағы қызметін дамытуға жәрдем көрсетуге дайын екенін растады.
    2026 жылдың алғашқы үш тоқсанында Гуанчжоуда жоспарланған инвестиция көлемі 349,3 млрд юань болатын 2200-ден астам жаңа жоба тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 149%-ға жоғары. Тартылған жобалар бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар 20,6%-ға өсті.
    Инвестициялық белсенділік жартылай өткізгіштер мен интегралдық схемалар, интеллектуалды жабдықтар мен робототехника, биомедицина, жасанды интеллект, жаңа энергия көздері және энергия сақтау жүйелері салаларында ерекше байқалды.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Гуанчжоу қаласындағы (ҚХР) Бас консулдығы" жаңалықтары