Гуанчжоуда «China Southern» компаниясының авиациялық-техникалық мүмкіндіктері таныстырылды

    1 / 2

    2026 ж. 29 қазанда Қазақстан Республикасының Гуанчжоудағы Бас консулдығы «China Southern» әуе компаниясы ұйымдастырған іс-шараға қатысты. Компанияның 70 жылдық мерейтойы аясында өткен іс-шараға Гуанчжоуда аккредиттелген консулдық корпус өкілдері қатысты.

    Іс-шара барысында әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету, авиациялық технологиялар және халықаралық ынтымақтастық бағыттары бойынша таныстырылым өткізілді. Бағдарлама аясында «Guangzhou Aircraft Maintenance Engineering Company» (GAMECO) өндірістік кешенінің жұмысымен танысу ұйымдастырылды.

    «China Southern Air Holding Company» компаниясының атқарушы вице-президенті Чжан Юн компаниялар тобының және оның құрамындағы авиациялық-техникалық кәсіпорындардың қызметі туралы баяндады. Оның мәліметінше, авиациялық-техникалық кешенде 20 мыңнан астам маман жұмыс істейді. Кешеннің Қытай аумағында 18 жөндеу-техникалық базасы бар және ол Қытай мен өзге елдердегі 130-дан астам тапсырыс берушіге қызмет көрсетеді.

    Қатысушыларға әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету, қозғалтқыштар мен авиациялық құрамдас бөлшектерді жөндеу, қосалқы бөлшектермен қамтамасыз ету және инженерлік-техникалық мамандарды даярлау мүмкіндіктері таныстырылды. Әуе кемелерінің техникалық жай-күйін бақылауға, ықтимал ақауларды алдын ала анықтауға және жөндеу жұмыстарын жоспарлауға арналған цифрлық шешімдерге ерекше назар аударылды. «China Southern» өкілдері ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету компания қызметінің негізгі басымдығы екенін атап өтті.

    «GAMECO» өндірістік кешеніне сапар барысында қатысушылар ангарлармен, техникалық қызмет көрсетуге арналған доктық жүйелермен, әуе кемелерін бояу кешенімен және қозғалтқыштарды жерде сынау алаңдарымен танысты. Аумағы шамамен 98 мың шаршы метрді құрайтын ең ірі ангарда бір мезгілде кең фюзеляжды бес және тар фюзеляжды он екі әуе кемесіне техникалық қызмет көрсетуге мүмкіндік бар.

    Анықтама: «China Southern» - Қытайдың ең ірі әуе компанияларының бірі. Оның әуе паркінде 850-ден астам әуе кемесі бар. Компанияның нарықтық капиталдануы шамамен 7,2 млрд АҚШ долларын құрайды. Әуе компаниясы Қазақстанды Бейжің, Гуанчжоу, Сиань және Үрімші қалаларымен байланыстыратын рейстерді орындайды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Гуанчжоу қаласындағы (ҚХР) Бас консулдығы" жаңалықтары