Гуанчжоу, 2026 жылғы 10 қараша - Қазақстан Республикасының Гуанчжоу қаласындағы Бас консулдығы Гуанчжоудағы рельсті көлік апталығы (Guangzhou Rail Transit Week 2026) аясында өткен салалық конференцияға қатысты. Іс-шараға қалалық билік органдарының, өнеркәсіп кәсіпорындарының, көлік операторларының және дипломатиялық корпустың өкілдері қатысты. Қазақстан тарапынан конференцияға «City Transportation Systems» (CTS) ЖШС өкілдері де қатысты.
Конференцияда Байюнь ауданының өнеркәсіптік кластері таныстырылды. Кластер құрамындағы 113 кәсіпорын рельсті көлікке арналған жабдық шығарады, инфрақұрылым нысандарын жобалайды және салады, сондай-ақ оларды пайдалануды және техникалық қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді. Конференцияда ұсынылған деректерге сәйкес, 2025 жылы кластер кәсіпорындарының өндіріс көлемі мен түсімінің жиынтық көрсеткіші 92,4 млрд юаньға жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 20,3%-ға өсті.
«Guangzhou Metro Group» компаниясының бас директоры Лю Цзин қалалық рельсті көлік жүйелерін жобалау, салу және пайдалану жөніндегі компания тәжірибесіне тоқталып, Хошимин, Белград және Макаодағы жобалар туралы баяндады. Конференцияда Вьетнам мен Макаодағы рельсті көлікті дамыту жоспарлары да таныстырылды.
Конференция аясында Бас консулдық пен CTS өкілдері Лю Цзинмен жұмыс кездесуін өткізді. Тараптар қалалық рельсті көлік саласындағы ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін талқылады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









