АЗИЗХАН ИСМАИЛОВ: ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӨТІНІШ-ТІЛЕКТЕРІ МЕН ҰСЫНЫСТАРЫ НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛМАЙДЫ

    Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 «Әкімдердің халықпен тұрақты кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов Қарақозы Әбдәлиев ауылы округінің тұрғындарымен кездесті.
    Кездесудің негізгі мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру, тұрғындармен ашық әрі сындарлы диалог орнату, елді мекендердегі өзекті мәселелерді талқылап, оларды шешу жолдарын қарастыру.
    Кездесу барысында ауыл округінің тұрғындары елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, Қыдыр Мамбетұлы елді мекеніндегі көпірді жөндеу, су басу салдарынан зардап шеккен 3 тұрғын үйдің еденін ауыстыру, көшелерді жарықтандыру, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кедергі орнату, Жаңатұрмыс көшесіне шағал төсеу мәселелері айтылды.
    Сонымен қатар Жаңаталап елді мекеніне трансформатор орнату, Еңбекші елді мекеніндегі тозығы жеткен электр бағаналары мен желілерін жаңарту, спорт кешенін салу жөнінде ұсыныстар білдірілді.
    Бұдан бөлек, Рабат елді мекенінен қашыртқы арық қазу, тозығы жеткен ауыз су құбырларын ауыстыру, Қызылдала елді мекеніндегі екі көшеге асфальт төсеу және электр жарығымен қамтамасыз ету мәселелері де тұрғындар тарапынан көтерілді.
    Аудан әкімі Азизхан Әзімханұлы тұрғындардың әрбір өтініші мен ұсынысын мұқият тыңдап, қойылған сұрақтарға тиісті жауаптар берді. Көтерілген мәселелердің барлығы зерделеніп, оларды заң талаптарына сәйкес шешу жолдары қарастырылатынын жеткізді. Сондай-ақ, жиында айтылған бірқатар мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеліп, олардың орындалуы қатаң бақылауда болатынын атап өтті.
    Айта кетейік, тұрғындармен мұндай кездесулердің басты мақсаты – халықтың талап-тілегін тыңдау ғана емес, көтерілген мәселелердің нақты шешімін табу және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған жұмыстардың тиімділігін арттыру.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазығұрт ауданы әкімінің аппараты" жаңалықтары