Вашингтонда Қазақстан Республикасының күні атап өтілді

    1 / 13

    Вашингтон, 2026 жылғы 10 қараша– Вашингтонда Қазақстан Республикасының күніне орай ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына және Қазақстан мен АҚШ арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толуына арналған салтанатты қабылдау өтті.

    Қазақстанның АҚШ-тағы Елшілігі ұйымдастырған іс-шара екі ел арасындағы саяси және экономикалық диалогтың жандана түсуі аясында өтіп, қазақстандық делегацияның B20 саммитіне қатысу мақсатындағы Вашингтонға сапарының мазмұнды бағдарламасының жалғасы болды.

    Салтанатты қабылдауға Ақ үйдің, АҚШ Конгресінің, Мемлекеттік департаментінің, дипломатиялық корпустың, сондай-ақ екі елдің іскерлік және сарапшылық қауымдастықтарының өкілдері қатысты. Кештің құрметті қонақтары қатарында АҚШ Мемлекеттік хатшысы көмекшісінің Орталық Азия және қоғамдық дипломатия мәселелері жөніндегі орынбасары Марк Кэмерон мен АҚШ сенаторы Стив Дэйнс болды.

    Құттықтау сөзінде Қазақстанның АҚШ-тағы Елшісі Мағжан Ілиясов биылғы жылдың ҚР-АҚШ қатынастары үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтіп, Кеңейтілген стратегиялық серіктестіктің нығаюына және екі ел арасындағы практикалық ынтымақтастықтың тереңдеуіне назар аударды.

    Осы тұрғыда Елші Қазақстанның жоғары деңгейдегі делегациясының B20 саммитіне қатысу нәтижелерін және оның аясында өткен Қазақстан-АҚШ бизнес-форумының қорытындыларын жоғары бағалады. Аталған форум екі тараптың жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға өзара қызығушылығын растады.

    Қазақстандық дипломат Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы негізгі жетістіктеріне, елде жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформаларға, сондай-ақ мемлекетті одан әрі дамытудың ауқымды жоспарларына тоқталды. Ол Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған инфрақұрылымды салу және жаңғырту жөніндегі жалпыұлттық бағдарламаға ерекше назар аударып, америкалық компанияларды келешегі зор инвестициялық жобаларды іске асыруға белсенді қатысуға шақырды.

    Өз кезегінде, Марк Кэмерон Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктерін, елдің халықаралық аренадағы рөлінің артып келе жатқанын және екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті.

    Сенатор Стив Дэйнс Қазақстан мен АҚШ арасындағы қатынастар еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңдегі бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге жеткенін атап көрсетті. Сонымен қатар, ол Қазақстанмен қалыптасқан көпжылдық достыққа және ұзақ жылдар бойғы өзара іс-қимыл барысында орныққан жылы қарым-қатынастарға ризашылығын білдірді.

    Кештің мәдени бағдарламасы аясында қазақстандық әнші Сангина Шарипова өнер көрсетіп, Қазақстан мен АҚШ-тың мемлекеттік әнұрандарын, сондай-ақ екі елдің мәдени дәстүрлерін танытатын музыкалық шығармаларды орындады.

    Салтанатты қабылдау Қазақстан мен АҚШ арасындағы серіктестіктің беріктігін және дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толуы қарсаңында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі кеңейтуге деген ортақ мүдделілікті тағы бір мәрте айқындады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Америка Құрама Штаттарындағы Қазақстан Республикасының Елшілігі" жаңалықтары