Бүгін, 13 қараша күні Ақтау қаласында қала әкімі Мақсат Мұқаштың төрағалығымен Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиында шаһардың қысқы кезеңдегі автомобиль жолдарының дайындығы пысықталды.
Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы қысқы кезеңде жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қажетті арнайы техникалар мен материалдардың дайындалғанын айтты.
Мердігер «Green City» ЖШС қысқы кезекшілікке 140-қа жуық жұмысшы, 26 арнайы техника, 1500 тонна топырақ, 500 тонна тұз және 12 мотопомпа әзірлеген. Қажет болған жағдайда қосымша техникалар да жұмылдырылатын болады.
– Түнгі және таңғы кезекшілік барысында ең алдымен орталық көшелер, аялдамалар, мектептер мен балабақшалардың айналасы, ауруханалар және жаяу жүргіншілер жолдары тазаланады. Қазіргі уақытта көктайғаққа қарсы құм аралас тұздың орнына «АЙСМИКС» реагентін қолдану мәселесі қарастырылуда. Аталған реагент көктайғақты жылдам жоюымен және жол бетінде қалдық қалдырмауымен ерекшеленеді, – деді Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жұлдызбай Көңілімқосов.
Бұдан бөлек, қала аумағындағы 91 су ағар тұрақты түрде тазаланып, жауын-шашыннан кейін тексеріледі. Қазіргі уақытта нөсерлі жаңбыр кезінде су жиналатын төрт учаскені орталық кәріз жүйесіне қосу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, су жиналу қаупі жоғары және салыстырмалы түрде төмен аумақтар белгіленіп, оларға тұрақты мониторинг жүргізу көзделген.
Жиында қала әкімі Мақсат Мұқаш өткен аптадағы жауын-шашын кезінде туындаған мәселелерді еске салды. Әкім жауапты мекемелерге жұмыстарды өзара үйлестіруді күшейтіп, арнайы техникалардың дайындығын толық пысықтауды тапсырды.
– Қыс мезгілінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында бұрын орын алған кемшіліктерге жол бермеу, қауіпті учаскелерді тұрақты бақылауда ұстау және ауа райы қолайсыздығына жедел әрекет ету қажет, – деді қала әкімі Мақсат Мұқаш.
Сонымен қатар, жиын барысында апатты тұрғын үйлерді бұзу, қаладағы ветеринариялық қауіпсіздік және өрт қауіпсіздігі мәселелері талқыланды. Қала басшысы аталған бағыттар бойынша жауапты өкілдерге тиісті тапсырмалар берді.
Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметі
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









