Қазақстан Республикасы Президенті Жолдауының басымдықтары Қазақстан мен Чехия ынтымақтастығын дамыту аясында

    1 / 4

    Прага, 2026 жылғы 13 қараша- Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Елшілігі елдің даму басымдықтарын чех жұртшылығына кеңінен таныстыру мақсатында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы Жолдауын талқылауға арналған дөңгелек үстел ұйымдастырды.

    Іс-шараға Чехияның сарапшылық, академиялық және іскерлік топтарының көрнекті өкілдері қатысып, стратегиялық құжаттың өзекті қырларын, оның жаһандық геосаяси және геоэкономикалық ахуал, өңірлік өзара іс-қимыл және өзара тиімді екіжақты ынтымақтастықты ілгерілету перспективалары тұрғысынан маңызын талқылады.

    Қазақстанның Чехиядағы Елшісі Қайрат Әбдірахманов құттықтау сөзінде Жолдаудың негізгі бағыттарына тоқталып, Мемлекет басшысының елдің орнықты дамуын одан әрі қамтамасыз етуге, халықтың әл-ауқатын арттыруға және азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған батыл қадамдар жөніндегі пайымын жеткізді. Атап айтқанда, экономиканы және инфрақұрылымды жаңғырту, энергетикалық қауіпсіздік пен көлік-логистика әлеуетін нығайту, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу, инвестиция тарту, сондай-ақ адами капиталды дамыту мәселелері қамтылды. Бұған қоса, заң үстемдігін қамтамасыз ету, қоғамдық келісім мен азаматтық жауапкершілікті нығайту тақырыптарына ерекше назар аударылды.

    Еркін әрі мазмұнды пікір алмасу барысында қатысушылар Жолдаудың нақты іске асырылуға бағдарланғанын, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті міндеттерін шешуге бағытталғанын және онда белгіленген басымдықтарды жүйелі түрде жүзеге асырудың маңызын атап өтті. Осы ретте Чехияның озық тәжірибесін пайдалану, технологиялар трансферін қамтамасыз ету, өндірісті жергіліктендіру, білікті кадрлар даярлау, сондай-ақ инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтіп, Қазақстан мен Чехия арасындағы іскерлік байланыстарды нығайту мүмкіндіктеріне айрықша мән берілді.

    Жолдаудың тиісті бағыттарын, соның ішінде заң үстемдігін қамтамасыз ету тұрғысынан іске асыру жөніндегі нақты ұсыныстарын халықаралық деңгейде танылған заңгер, БҰҰ жүйесінде мол тәжірибе жинақтаған профессор Павел Штурма және талдаушы, ғылым докторы Ян Кэмпбелл ортаға салды. Олардың қазақстандық әріптестерімен ынтымақтастығы мемлекеттік органдарға консультациялық қолдау көрсетуді, сондай-ақ мемлекеттік мекемелерге, оның ішінде сыртқы саяси қызметке жоғары білікті мамандар даярлауды қамтыды. Конституциялық «Заң мен тәртіп» қағидатын сақтау жөніндегі шаралар мен Әділетті Қазақстан тұжырымдамасы қолдау тапты.

    Шымкент қаласындағы «Абдурахман» мешітінің бас имамы Назирхан Ташходжаев дөңгелек үстелге қатысушылармен Қазақстанның сан алуан конфессия өкілдері тату-тәтті өмір сүретін қоғамында тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңызды факторына айналған конфессияаралық диалог тәжірибесімен бөлісті. Ол бұған дейін Прагада өткен дін бостандығына арналған ірі халықаралық конференцияға қатысқан болатын.

    Дөңгелек үстел аясындағы мазмұнды пікір алмасу Қазақстан халқына арналған Жолдау секілді стратегиялық құжаттың екі ел мен халықтар арасындағы дәстүрлі түрде қалыптасқан тығыз әрі табысты саяси, іскерлік, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдетудің жаңа тәсілдерін айқындауда маңызы зор екенін көрсетті.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Елшілігі" жаңалықтары