2026 жылғы 13 қарашада Түркияның Анталия қаласында өтіп жатқан БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы тараптарының 31-конференциясы (COP31) аясында Қазақстанның Ұлттық павильонында көміртегі нарығын дамыту, өңірлік экологиялық ынтымақтастық, халықаралық сауданың климаттық күн тәртібі және ғылыми өзара іс-қимыл мәселелеріне арналған бірқатар тақырыптық іс-шара өтті.
Қазақстанның көміртегі нарығы: ұлттық тетіктерден халықаралық ынтымақтастыққа дейін
Күн тәртібіндегі негізгі іс-шаралардың бірі Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ә. Қуантыров ашқан «Қазақстанның көміртегі нарығы: ұлттық тетіктерден халықаралық ынтымақтастыққа дейін» тақырыбындағы панельдік сессия болды.
Іс-шараның ашылуында Түркия өнеркәсіпшілері мен кәсіпкерлері қауымдастығының (TÜSİAD) президенті Озан Дирен және Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» Төралқасының төрағасы Қанат Шарлапаев та құттықтау сөз сөйледі.
Сессия барысында қатысушылар парниктік газдар шығарындыларымен сауда жасаудың ұлттық жүйесінің жұмыс істеуін, көміртегі офсеттерін дамытуды, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастық пен көміртегі тетіктерін интеграциялаудың перспективаларын талқылады.
Іс-шара қорытындысы бойынша «Жасыл даму» АҚ Табиғи апаттарға дайындық жөніндегі Азия орталығымен (ADPC) өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Каспий маңы мемлекеттерінің ынтымақтастығы
Күннің маңызды оқиғаларының бірі Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі ұйымдастырған «Friends of the Caspian Sea: өңірлік бастамалардан бірлескен іс-қимылдарға дейін» тақырыбындағы қосымша іс-шара (сайд-ивент) болды.
Талқылауға Каспий маңы бес мемлекетінің өкілдерімен қатар БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ), Тегеран конвенциясы хатшылығы, Жасыл климат қоры және Дүниежүзілік банк сияқты халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Қатысушылар Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенция (Тегеран конвенциясы) шеңберіндегі өзара іс-қимылды одан әрі дамытудың маңыздылығын растады. Аталған конвенция өңірлік экологиялық ынтымақтастықтың негізгі құқықтық негізі болып қала береді.
Сонымен қатар Тегеран конвенциясының Уақытша хатшылығының қолдауымен әзірленіп жатқан Каспий теңізі деңгейінің ауытқуына байланысты Каспий маңы мемлекеттерінің 2026–2036 жылдарға арналған іс-қимыл жоспары таныстырылды.
Қазақстан экспортын әлемдік сауданың жаңа көміртегі архитектурасына бейімдеу
Тағы бір маңызды іс-шара «Хабардарлықтан бәсекеге қабілеттілікке дейін: Қазақстан экспортын әлемдік сауданың жаңа көміртегі архитектурасына дайындау және ТМТМ контексінде сауда байланыстылығын нығайту» тақырыбындағы қосымша іс-шара болды.
Іс-шараны Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі мен «QazTrade» АҚ ұйымдастырды.
Талқылау барысында парниктік газдар шығарындыларын нақты өлшеу, мониторинг, есептілік және верификация сапасын арттыру, көміртегі есебінің ұлттық жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету, сондай-ақ халықаралық сауданың жаңа талаптарын ескере отырып, көміртегі реттеу тетіктерін жетілдіру мәселелері қаралды.
Бұдан бөлек, Қазақстан экспортының бәсекеге қабілеттілігін арттыру және Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТМТМ) аясында сауда байланыстылығын нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Түркі мемлекеттері ұйымымен ынтымақтастық
Әлібек Қуантыровтың Түркі мемлекеттері ұйымының жаңадан тағайындалған Бас хатшысы Мирвахид Азимовпен екіжақты кездесуі өтті.
Кездесу барысында тараптар қоршаған ортаны қорғау саласындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамытудың перспективаларын, сондай-ақ өңірлік экологиялық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады. Ә. Қуантыров Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан шаралар мен ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің салалық ведомстволары арасындағы ынтымақтастықты нығайту жөнінде бұрын талқыланған бастамалар туралы ақпарат берді.
Халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту
Қазақстанның Ұлттық павильонында Стокгольм қоршаған орта институтының америкалық орталығымен (SEI US) жасалған меморандумның қол қойылған даналарымен алмасу рәсімі де өтті.
Халықаралық ақпараттық кеңістікте жариялау
Күн соңында Министр Bloomberg халықаралық ақпарат агенттігіне сұхбат берді.
Сұхбаттың негізгі тақырыбы метан шығарындыларын қысқарту мәселесіне арналды. Министр Қазақстанда спутниктік деректер негізінде метан шығарындыларын реттеу бағдарламасының іске қосылғаны туралы айтып өтті. Бұл бағдарлама мұнай-газ саласы нысандарындағы ірі метан жылыстауларын анықтауға және оларды жою жөнінде шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









