Corporate Governance Forum 2026: реформалардан нәтижелерге

    1 / 7

    Астанада «Корпоративтік басқару: реформалардан нәтижелерге - болашаққа көзқарас» тақырыбында IV Corporate Governance Forum 2026 өтіп жатыр. Форумға мемлекеттік органдардың, бизнес-қоғамдастықтың, ұлттық компаниялар мен халықаралық ұйымдардың 300-ге жуық өкілі қатысты.

    Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров «Бизнестен компанияға: директорлардың кәсіби кеңесін қалай қалыптастыруға болады» атты панельдік сессияға қатысты.

    Сессия модераторы Қазақстанның тумасы, халықаралық іскерлік алаңдарда спикер және модератор ретінде тұрақты түрде қатысатын АҚШ-тағы Muzan LLC компаниясының президенті Диана Музан болды.

    Компаниялардың жетілуі және директорлар кеңесінің рөлі

    Талқылау барысында Ә. Қуантыров акционерлік қоғамдарда директорлар кеңесін құру заңнамада көзделгенін атап өтті.

    Мемлекеттік компаниялар үшін мемлекеттік басымдықтарды түсінуді тәуелсіз кәсіби бағалаумен ұштастыру аса маңызды. Тәуелсіз директор мазмұнды сұрақтар қойып, балама шешімдер ұсынып, ықтимал тәуекелдерге уақтылы назар аударуы тиіс.

    Директорлардың кәсібилігі мен тәуелсіздігі

    Ә. Қуантыров халықаралық сертификаттың болуы артықшылық саналатынын, алайда оның өзі нақты компанияның ерекшелігін терең түсінуге кепілдік бермейтінін атап өтті.

    Мемлекеттік компаниялар үшін тәуелсіз директорларды іріктеудің жаңа қағидалары кандидаттарды жан-жақты бағалаудың маңызын арттырады. Атап айтқанда, конкурстық рәсімдер мен әңгімелесулер өткізу, кәсіби білімін және компания қызметін түсіну деңгейін тексеру көзделген. Сертификаттың болуы бағалау факторларының бірі болып қала береді, бірақ практикалық тәжірибе мен кәсіби құзыреттілікті алмастырмайды.

    Корпоративтік басқарудағы гендерлік теңгерім

    Министр директорлар кеңестеріндегі гендерлік теңгерім мәселесіне де жеке тоқталды.

    Гендерлік теңгерім қазіргі корпоративтік басқарудың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Кәсіби және өмірлік көзқарастардың әртүрлілігі басқарушылық шешімдерді жан-жақты қарастыруға мүмкіндік береді.

    Қазақстанда қабылданған қағидаларға сәйкес, мемлекеттік компаниялар директорлар кеңестерінің жаңа құрамында әйелдердің өкілдігі кемінде 30% болуын қамтамасыз етуге тиіс.

    Тұрақты даму және ESG қағидаттарын енгізу

    Министр тұрақты даму және ESG қағидаттарын енгізу мәселелеріне ерекше назар аударды.

    Қазақстанда жұмыс істейтін ірі мемлекеттік және жеке табиғат пайдаланушылар басқа компанияларға, оның ішінде жер қойнауын пайдалану саласындағы шағын және орта бизнеске ESG қағидаттарын сақтау тұрғысынан үлгі болуы тиіс.

    2023 жылдан бастап банк секторында ESG қағидаттарын жүйелі түрде енгізу басталды. Біртіндеп бұл тәжірибе ірі компаниялар мен ұлттық ұйымдарға да таралуда.

    Корпоративтік басқару инвестициялық тартымдылық факторы ретінде

    Министр сапалы корпоративтік басқару компанияға бірінші басшының кім екеніне қарамастан тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Стратегияның болуы, өкілеттіктердің нақты бөлінуі, бақылау және есептілік тетіктері басқару сабақтастығын қамтамасыз етіп, компания қызметінің болжамдылығын арттырады.

    Инвесторлар үшін бизнестің табыстылығы ғана емес, шешім қабылдау процестерінің ашықтығы, шығындарды бақылау, тәуекелдерді басқару және басшылықтың есептілігі де маңызды. Мұның барлығы инвесторлардың сеніміне тікелей әсер етеді.

    Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері операторының (ӨКМ) функциялары қоғамға берілгеннен кейін «Жасыл даму» АҚ қызметінің кезең-кезеңімен трансформациялануы тиімді корпоративтік басқарудың маңыздылығын көрсететін айрықша мысал болып табылады.

    Бұл кезең бірқатар ұйымдастырушылық және басқарушылық міндеттерді шешуді, ішкі процестерді жетілдіруді және тиімді басқару жүйесін қалыптастыруды талап етті.

    Қоғамның директорлар кеңесі мен басқармасының жүйелі әрі келісілген жұмысының нәтижесінде ұйымдық құрылымды жетілдіру, ішкі бизнес-процестерді оңтайландыру, цифрлық шешімдерді енгізу және қызметтің ашықтығын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілді. Корпоративтік басқару тетіктерін нығайтуға, стратегиялық басымдықтарды айқындауға және қоғамның тұрақты дамуына жағдай жасауға ерекше назар аударылды.

    Жүргізілген өзгерістер «Жасыл даму» АҚ институционалдық дамуының маңызды кезеңіне айналып, басқарудың тиімді моделін қалыптастыруға және қызметтің ұзақ мерзімді бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.

    Бұл тәжірибе директорлар кеңесі мен басқарманың сындарлы өзара іс-қимылының, басқарушылық шешімдердің келісімділігінің және алға қойылған мақсаттарға қол жеткізудегі бірыңғай стратегиялық көзқарастың маңыздылығын көрсетеді.

    Форум халықаралық тәжірибе алмасуға, жаңа бастамаларды әзірлеуге және кәсіби ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.

    Форумды ұйымдастырушы – ҚР «Атамекен» ҰКП.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі" жаңалықтары