Астанада «Отан қорғау деген мамандық бар» атты әскери-патриоттық іс-шара өтті. Кездесуге Қарулы күштер мен Ауған соғысының ардагерлері, елорда мектептерінің жоғары сынып оқушылары және алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушылары қатысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Астана қаласының Қорғаныс істері департаменті мен Білім басқармасы ұйымдастырған іс-шарада ардагерлер оқушыларға әскери қызметтің маңызы, Отан алдындағы борыш пен азаматтық жауапкершілік туралы айтып берді.
Сонымен қатар жастарға еліміздегі әскери оқу орындары, оларға түсу талаптары мен әскери мамандықтардың ерекшеліктері таныстырылды. Арнайы бейнероликтер арқылы оқушылар әскери білім алу және болашақ мамандығын таңдау мүмкіндіктері туралы ақпарат алды.
Кездесуде «Қарулы күштердің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары, отставкадағы генерал-майор Марат Нағұманов жас ұрпақты отансүйгіштікке, тәртіп пен жауапкершілікке тәрбиелеудің маңызын атап өтті.
«Отанды сүю – құр сөзбен емес, нақты іспен дәлелденетін қасиет. Туған жердің тыныштығы мен елдің қауіпсіздігі әрбір азаматтың жауапкершілігіне байланысты. Отан қорғау – үлкен абырой әрі қасиетті міндет. Ел болашағын ойлайтын жас ұрпақ білімді, тәртіпті, отаншыл болуы керек. Өйткені елдің ертеңгі қорғаны да, тірегі де – бүгінгі жастар», – деді Марат Нағұманов.
Іс-шара барысында әскери-патриоттық тәрбиеге үлес қосқан бірқатар алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушылары Астана қаласы Қорғаныс істері департаменті бастығының мақтау грамоталарымен марапатталды.
Кездесу соңында мектеп оқушылары концерттік бағдарлама ұсынып, әскери киім үлгілерін көрсетті. Оқушылар әскери киім киіп, қару ұстап, арнайы дефилеге қатысты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер жастардың әскери мамандықтарға қызығушылығын арттыруға, отансүйгіштік рухын нығайтуға және болашақ мамандығын саналы түрде таңдауына ықпал етеді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









