Астанада балаларға арналған жаңа әндер жинағы жарық көрді

    1 / 5

    Астанада «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында «Бәрі – сен үшін, жас ұрпақ!» атты балалар әндерінің жинағы таныстырылды. Оған елордада еңбек ететін 16 композитордың шығармалары енгізілген, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

    Жинақтың тұсаукесері Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында өтті. Іс-шараны Астана қаласы әкімдігінің Әдістемелік орталығы ұйымдастырды.

    Музыкалық жинаққа Отан, туған жер, отбасы, достық, табиғат және ұлттық құндылықтар тақырыбындағы әндер енген. Бастаманың негізгі мақсаты – балалардың музыкаға қызығушылығын арттыру, ұлттық өнерді насихаттау және жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік пен адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру.

    Тұсаукесер барысында Әдістемелік орталықтың басшысы Сындар Дауешова жобаның маңызына тоқталды. Сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, ақын Әкім Ысқақ пен композитор Кентау Назарбек сөз сөйледі.

    Іс-шарада №70 мектеп-лицейінің оқушысы Оралғазы Әділжан композитор Қанат Едресовпен бірге жинаққа атау болған «Бәрі – сен үшін, жас ұрпақ!» әнін орындады.

    Жаңа жинақ елорданың білім беру ұйымдарында оқу-тәрбие жұмысына пайдалануға ұсынылады. Әндер музыка пәні мұғалімдері мен жас орындаушылар үшін әдістемелік және шығармашылық құрал болмақ.

    Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба балалардың музыкалық талғамын қалыптастырып, қазақ өнері мен ұлттық құндылықтарға қызығушылығын арттыруға бағытталған.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының әкімдігі" жаңалықтары