Прага, 2026 жылғы 23 қазан - Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Елшісі Қайрат Әбдірахманов Оңтүстік Чехия өлкесіне жұмыс сапары аясында Вышши-Брод қаласындағы цистерциандық монастырға барды. Сапар барысында монастырь приоры, дін қызметкері Ян Юстин Беркамен кездесу өтіп, монастырь кешеніне экскурсия ұйымдастырылды.
1259 жылы Рожмберк әулетінің өкілдері негізін қалаған Вышши-Брод монастыры жеті жарым ғасырдан астам уақыт бойы Оңтүстік Чехияның рухани және мәдени өмірінде маңызды орын алып келеді. Бүгінде ұлттық мәдени ескерткіш мәртебесіне ие монастырь цистерциандық монахтық дәстүрлер жалғасып отырған діни орталық ретінде маңызды орын алады.
Монастырьдың сәулет ансамблі, Қасиетті Дева Марияның Успение шіркеуі, тарихи кітапхана мен діни өнер туындыларының жинақтары ерекше құнды. Ең танымал жәдігерлердің бірі - еуропалық маңызы бар ортағасырлық зергерлік өнердің көрнекті туындысы саналатын Завиш кресі. Осы құндылықтардың сақталуы монастырьды өңірдің тарихын, мәдениетін және рухани дәстүрлерін зерделеудің маңызды орталығына айналдырып отыр.
Монастырьдың Қазақстанмен байланыстары да айрықша назар аударуға тұрарлық. Астананың көмекші епископы Атаназиус Шнайдер 2018 жылғы маусымда осында салтанатты құлшылық рәсімін өткізіп, миропомазание таинствосын атқарған. Ал 2026 жылғы қыркүйекте ол Вышши-Брод цистерциандық монастырында діни қызметке тағайындау рәсіміне қатысты. Бұл байланыстар Қазақстан мен Чехияның католик қауымдары өкілдері арасындағы рухани қарым-қатынастардың бір көрінісі болып табылады. Аталған қауымдар Қазақстан басшылығының Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерін шақыру жөніндегі бастамаларын жоғары бағалайды.
Экскурсия барысында қазақстандық делегация монастырьдың тарихымен және мәдени мұрасымен танысты. Сапар монастырь өмірінің дәстүрлерін тереңірек танып-білуге және тарихи жадты сақтау жолындағы сан ғасырлық еңбектің маңызын түсінуге мүмкіндік берді.
Оңтүстік Чехия өлкесінің мәдени және рухани әралуандығымен танысу аясында өткен сапар Қазақстан мен Чехия халықтары арасындағы өзара түсіністікті нығайтудағы гуманитарлық байланыстардың маңызын айқындады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









