Қазақстан Елшісі ЕҚЫҰ-ның Прагадағы Құжаттама орталығына барды

    1 / 4

    Прага, 2026 жылғы 15 қазан – Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Елшісі Қайрат Әбдірахманов Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Прагадағы Құжаттама орталығына барып, Орталықтың басшысы Халка Кайсеровамен кездесті.

    Құжаттама орталығы ЕҚЫҰ мен оның алдындағы ұйымы - Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі кеңестің (ЕҚЫК) тарихи мұрағаттардың бас қоймасы болып табылады. Орталық 1970-жылдардан бастап жинақталған құжаттарды сақтауға, жүйелеуге және оларға қол жетімділікті қамтамасыз етеді. Оның мұрағаты халықаралық конференциялар материалдарын, саяси құжаттарды және ЕҚЫҰ-ның қалыптасуы мен дамуының негізгі кезеңдерін бейнелейтін өзге де деректерді қамтиды. Сонымен қатар Чехия Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен Орталық ЕҚЫҰ-ның Прага қаласында өтетін іс-шараларын ұйымдастыруға жағдай жасайды. Атап айтқанда, жақында Ұйымның жыл сайынғы экономикалық және экологиялық форумы сәтті өткізілді.

    Сапар барысында Елші Орталықтың қызметімен танысып, қауіпсіздік саласындағы әлемдегі ең ірі өңірлік ұйымның құжаттық мұрасын сақтауға, жүйелеуге және оған қол жетімділікті қамтамасыз етуге қосып отырған практикалық үлесін жоғары бағалады. Орталықтың жұмысы ЕҚЫҰ-ның институционалдық жадын сақтауда, көпжақты дипломатия тарихын зерделеуде және халықаралық ынтымақтастықты дамытуда ерекше маңызға ие. Оның мұрағат мұрасын тарихи әрі ғылыми-зерттеу тұрғысынан айтарлықтай құндылыққа ие және еуропалық әрі еуразиялық қауіпсіздік архитектурасының қалыптасуы мен даму үдерістерін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

    Тараптар ЕҚЫҰ-ның мұрағаттық мұрасын сақтаудың маңыздылығын атап өтіп, оның Ұйымның тарихи тәжірибесін зерделеуге, өзара түсіністікті нығайтуға және қауіпсіздік пен ынтымақтастық мәселелері бойынша диалогты одан әрі дамытуға негіз болатынын айтты. Орталықта түрлі елдердің зерттеушілері үшін қолайлы жағдайлар жасалғаны оң бағалануда. Сондай-ақ Орталықтың ЕҚЫҰ Хатшылығы мен автономды институттарының күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша бейресми консультациялар өткізу үшін елеулі әлеуеті бар екені айтылды.

    Тарихи құжаттарға қол жетімділік дипломатиялық тәжірибенің сабақтастығын сақтауға және жинақталған білімді келесі ұрпаққа жеткізуге ықпал ететініне назар аударылды. Осыған байланысты аталған құрылымның қызметін тиісті деңгейде қаржыландыру қажеттігі атап өтілді.

    Зерттеушілер үшін 2010 жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезеңінде қалыптасқан құжаттық мұра ерекше қызығушылық тудырады. Бұл кезең Ұйым тарихындағы маңызды оқиғамен – осы ғасырда әзірге жалғыз рет өткізілген ЕҚЫҰ Саммитымен және оған қатысушы мемлекеттер мен үкіметтер басшылары қабылдаған Астана декларациясымен ерекшеленді.

    Жылы әрі мазмұнды кездесу барысында көпжақты дипломатияны дамыту, сенімді нығайту, халықаралық диалогты ілгерілету және осы үдерістегі ЕҚЫҰ-ның рөлі мәселелері бойынша да пікір алмасу болды. Қазақстан Елшісі Құжаттама орталығының ұжымына оның игі қызметінде әрі қарай табыстар тіледі.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Елшілігі" жаңалықтары