Қазақстанның конституциялық жаңғыруы: чех көзқарасы және екіжақты ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері

    1 / 6

    Прага, 2026 жылғы 26 қазан – Қазақстан Республикасының Республика күніне орай Прагада чех саясаткерлері, дипломаттары мен ғалымдарының қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Іс-шара барысында Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері, конституциялық реформалардың жүзеге асырылу барысы, елдің саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғыруының негізгі бағыттары, сондай-ақ қазақ-чех ынтымақтастығын одан әрі тереңдету перспективалары талқыланды.

    Қазақстанның Чехиядағы Елшісі Қайрат Әбдірахманов құттықтау сөзінде кездесудің Қазақстан Республикасының Республика күні мен Чехословакияның тәуелсіз мемлекет ретінде құрылған күні қарсаңында өтуінің символдық мәніне тоқталды. Ол екі ел халқы үшін ұлттық егемендіктің, орнықты дамудың, мемлекеттік билік институттары мен азаматтық қоғамды жүйелі нығайтудың маңызын атап өтті. Елші Қазақстанның тәуелсіздігінің 35 жылындағы негізгі жетістіктеріне тоқталып, ұлттық экономиканың тұрақты дамуын, халықтың әл-ауқатының артуын, халықаралық байланыстардың кеңеюін және елдің әлемдік аренадағы беделінің нығаюын көрсететін статистикалық деректерді ұсынды. Қазақстанның халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан нақты үлесіне, оның ішінде ядролық арсеналдан бас тартуына, Семей ядролық сынақ полигонын жабуына, диалог пен көпжақты ынтымақтастықты ілгерілетуіне, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мен басқа да халықаралық ұйымдардың қызметіне белсенді қатысуына ерекше назар аударылды.

    Чехияның академиялық және сарапшылық қауымдастығының өкілдері Қазақстанда конституциялық реформаның іске асырылу барысына зор қызығушылық танытты. Аталған реформа саяси жаңғырудың жүйелі үдерісін жалғастырып, мемлекеттік институттарды қоғамның қазіргі сұраныстарына бейімдеудің қисынды кезеңі ретінде бағаланды. Дөңгелек үстелге қатысушыларға заң үстемдігін қамтамасыз ету, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру және азаматтардың, соның ішінде түрлі этностар мен конфессиялар өкілдерінің қоғамдық-саяси өмірге қатысу мүмкіндіктерін кеңейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берілді. Осы тұрғыда Құрылтай мен Халық Кеңесі сияқты жаңа мемлекеттік институттардың, сондай-ақ Вице-президент лауазымының енгізілуіне назар аударылды. Конституциялық өзгерістерді экономика, әлеуметтік сала және мемлекеттік басқару жүйесін қамтитын ауқымды демократиялық жаңғыру үдерісінің ажырамас бөлігі ретінде қарастыру қажеттігі атап өтілді.

    Дөңгелек үстелге қатысушылар Қазақстандағы реформаларды Чехияның саяси тәжірибесі, конституциялық құқық және қазіргі геосаяси ахуал тұрғысынан қарастырды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстан жүргізіп отырған теңгерімді әрі сындарлы сыртқы саясаттың халықаралық саяси және іскерлік ортада жоғары бағаланатыны атап өтілді. Осыған байланысты Қазақстанның халықаралық және өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз етудегі рөліне, Орталық Азия мемлекеттерінің Еуропалық одақпен, оның ішінде көлік байланысын дамыту және аса маңызды шикізат салаларындағы өзара іс-қимылын нығайтуға қосқан үлесіне назар аударылды. Сонымен қатар Чехияның сарапшылық, академиялық және технологиялық әлеуетін екіжақты өзара тиімді қатынастарды дамыту үшін пайдалану мүмкіндіктері талқыланды.

    Атап айтқанда, чех тарапы өз тәжірибесіне сүйене отырып, билік тармақтарының өзара іс-қимыл тиімділігін арттыру және олардың қызметіне деген қоғамдық сенімді нығайту жөнінде нақты ұсыныстарын ортаға салды. Сондай-ақ Қазақстанның бірқатар бастамаларын, соның ішінде су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен климаттың өзгеруіне байланысты мәселелердің өзектілігін ескере отырып, Халықаралық су ұйымын құру туралы ұсынысын ілгерілету жөнінде практикалық ұсынымдар берілді.

    Пікір алмасу дәстүрлі достыққа негізделген қазақ-чех қатынастарын одан әрі нығайтуға екі тараптың да мүдделі екенін растады. Саяси, сауда-экономикалық, өнеркәсіп, көлік-логистика, білім беру, мәдениет және ғылым мен технология салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығын атап өтілді. Бұл бағыттағы өзара іс-қимылдың дамуына екі ел басшылығының, министрліктер мен ведомстволардың, сондай-ақ іскерлік топтардың тұрақты әрі белсенді байланыстары елеулі үлес қосуда.

    Дөңгелек үстел Қазақстандағы қазіргі өзгерістердің мәні мен елдің одан әрі дамуына ықпалын, сондай-ақ стратегиялық сипат алып келе жатқан екіжақты әріптестіктің перспективаларын мазмұнды талқылауға мүмкіндік берді. Іс-шараға қатысушылар мұндай кездесулер өзара түсіністікті нығайтуға, сарапшылық байланыстарды кеңейтуге және қазақ-чех ынтымақтастығының жаңа бағыттарын айқындауға ықпал ететінін атап өтті.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Елшілігі" жаңалықтары