Прага, 2026 жылғы 10 қазан– Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Елшілігінің қызметкерлері Прага қаласындағы Вацлав Гавел атындағы халықаралық әуежайда өткен Вьетнамның «VietJet Air» әуе компаниясының Ханой – Алматы – Прага бағыты бойынша алғашқы рейсінің ашылу салтанатына қатысты.
«VietJet Air» әуе компаниясының алғашқы рейсі Чехия астанасына бортында шамамен 200 Қазақстан азаматы бар жолаушылармен келіп қонды. Жаңа әуе қатынасының іске қосылуы Қазақстан үшін айрықша практикалық маңызға ие. Бұл азаматтардың сапарға шығуына қосымша мүмкіндіктер ашып, халықтар арасындағы тікелей байланыстарды нығайтуға және Қазақстанның Еуропа елдерімен қарым-қатынасын кеңейтуге ықпал етеді.
Жаңа бағыттың ашылуы Оңтүстік-Шығыс Азия, Орталық Азия және Еуропа арасындағы халықаралық әуе қатынасын дамытудағы маңызды оқиға болды. Ханой, Алматы және Прага қалаларын байланыстыратын бұл әуе бағыты Вьетнам, Қазақстан және Чех Республикасы арасындағы туристік, іскерлік және мәдени алмасуларды кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер туғызады.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Прага халықаралық әуежайының директорлар кеңесінің төрағасы Радомир Лашак Ханойға тұрақты рейстердің ашылуы Прага әуежайының халықаралық ұзақ қашықтыққа қатынайтын әуе тасымалдары желісін дамытудағы аса маңызды қадам екенін атап өтті. Ол «VietJet» әуе компаниясының Еуропадағы қызмет аясын кеңейту үшін Праганы жаңа бағыт ретінде таңдағанына қуанышты екенін білдіріп, жаңа бағыттар алғашқы жылы екі бағытта 67 000-нан астам жолаушыға қызмет көрсетеді деген болжамын жеткізді.
Әуе компаниясы мен Вацлав Гавел атындағы әуежайдың ақпаратына сәйкес, жаңа бағыт бойынша рейстер аптасына екі рет – сейсенбі және сенбі күндері, сыйымдылығы 377 жолаушыға дейін жететін заманауи кең фюзеляжды «Airbus A330-300» әуе кемелерімен орындалады. Сондай-ақ Прага – Алматы бағытының жекелеген учаскесіне билет сатып алу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл Қазақстан мен Чехия арасындағы жолаушылар тасымалын дамытуға қосымша мүмкіндіктер береді.
Жаңа рейстің ашылуы туристік алмасуды дамыту үшін ғана емес, сауда-экономикалық байланыстарды нығайту, іскерлік қарым-қатынастарды кеңейту және Қазақстанның еуропалық серіктестер үшін көлік тұрғысынан қолжетімділігін арттыру үшін де маңызды. Қосымша әуе қатынасы кәсіпкерлерге, туристерге, студенттерге, сондай-ақ туыстары мен достарына баруды жоспарлаған азаматтарға қолайлы бағыттар ұсынуға мүмкіндік береді.
Жаңа бағыттың ашылуы Қазақстан мен Чехия арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту тұрғысынан да ерекше өзекті. Алматы мен Прага арасында әуе қатынасының орнауы өңіраралық байланыстарды дамытуға, іскерлік қарым-қатынастарды кеңейтуге және туризм, сауда мен инвестициялар салаларындағы бірлескен бастамаларды ілгерілетуге қосымша жағдай жасайды.
Ханой – Алматы – Прага бағыты бойынша әуе қатынасының ашылуы Қазақстанның халықаралық көлік байланысын кеңейту және Орталық Азия мен Еуропа арасындағы өзара іс-қимыл үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болып табылады.








