Брюссельде Қазақстан Президенті Жолдауының негізгі ережелері талқыланды

    1 / 5

    Брюссель, 2026 жылғы 23 қараша— Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі Елшілігінде отандастармен кездесу өтті. Кездесу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі ережелеріне арналды.

    Аралас форматта өткен кездесуге Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі Максим Рожин, қазақ диаспорасының өкілдері, Бельгияда тұратын Қазақстан азаматтары және бельгиялық жоғары оқу орындарында білім алып жүрген қазақстандық студенттер қатысты.

    Кездесуді ашқан Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Роман Василенко Жолдауда белгіленген басымдықтарды Қазақстан мен Бельгия арасындағы ынтымақтастық аясында іске асыру жолдарына тоқталды.

    «28 қазандағы Жолдауында Президент инвестициялық ахуалды жақсарту және экономиканы технологиялық тұрғыдан жаңғырту жөнінде міндеттер қойды. Бельгиямен әріптестік аясында бұл міндеттерді іске асыру үшін компаниялармен инвестициялық және өнеркәсіптік жобалар бойынша, ал университеттермен бірлескен зерттеулер жүргізу және мамандар даярлау бағытында жұмыс істейміз», — деді Елші.

    Сондай-ақ ол екіжақты байланыстарды нығайтудағы отандастардың рөлін атап өтіп, Елшіліктің олардың бастамаларына қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.

    Максим Рожин Жолдауда айқындалған басымдықтарды таныстырып, оларды іске асыру шаралары туралы баяндады. Ол «Халықтық құрылыс» бастамасына, Қазақстанның көлік-логистикалық және энергетикалық әлеуетін дамытуға, халықтық цифрлық экономиканы қалыптастыруға және конституциялық реформаларға ерекше назар аударды.

    «Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген негізгі бастамалар Қазақстан экономикасын сапалы түрде өзгертуге, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және азаматтарға жаңа мүмкіндіктер ашуға бағытталған. Бұл үдерісте технологиялық жаңғырту, адами капиталды дамыту және конституциялық реформаларды дәйекті түрде іске асыру айрықша маңызға ие», — деп атап өтті Максим Рожин.

    Депутат сондай-ақ Қазақстан мен Еуропалық одақтың көлік, энергетика, аса маңызды шикізат және цифрлық технологиялар салаларындағы ынтымақтастығының перспективаларына тоқталды. Ол Бельгияның жоғары оқу орындарында білім алып жүрген қазақстандық студенттердің алған білімі мен кәсіби тәжірибесін елдің дамуына қалай жұмсай алатынын айтты.

    Кездесу соңында Максим Рожин қатысушылардың Жолдауды іске асыру және реформалардың барысы туралы сұрақтарына жауап берді. Қатысушылар шетелдегі отандастардың Мемлекет басшысының бастамаларын іске асыруға қалай атсалыса алатынын да талқылады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Бельгия Корольдігіндегі Қазақстан Республикасының Елшілігі" жаңалықтары