Шымкент қаласындағы MEGA PLANET сауда-ойын-сауық орталығында өрт шықты. Екінші қабаттағы киім дүкендерінің бірінде тұтанған өрт салдарынан қою түтін таралып, келушілер мен қызметкерлерді эвакуациялау жұмыстары жүргізілді.
Бұл – «Қыс–2026» қалалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы аясындағы шартты жағдай.
Сценарий бойынша, жылыту құрылғысын дұрыс пайдаланбау салдарынан өрт тұтанып, оның аумағы шамамен 850 шаршы метрді құрады. Оқу-жаттығуға 45 адам мен 18 техника жұмылдырылды. Іс-шараға Әл-Фараби ауданы әкімдігі, Төтенше жағдайлар басқармасы, Полиция департаменті, Денсаулық сақтау және Білім басқармалары, «КазТрансГазАймақ» және су шаруашылығы қызметкерлері қатысты.
Оқу-жаттығу барысында өртті сөндіру, келушілерді эвакуациялау, зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету, сондай-ақ газ бен су беру жүйелерін ажырату әрекеттері пысықталды.
Мақсат – төтенше жағдай кезіндегі қызметтердің жедел әрекеті мен өзара үйлесімді жұмысын пысықтау. Барлық іс-қимыл шартты түрде жүргізілді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









