Күн райының суытуына және елордадағы су айдындарында мұздың қата бастауына байланысты Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті жұқа мұздағы жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталған кешенді профилактикалық іс-шараларды жүргізуде.
Бүгінгі таңда қаладағы су айдындарының маңында 270 ескерту белгісі орнатылды. Қосымша ескерту белгілерін орнату жұмыстары жалғасуда.
Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 152 бейнебақылау камерасы пайдаланылуда. Олардың көмегімен су айдындарындағы жағдайға тәулік бойы мониторинг жүргізіледі.
Сонымен қатар, су айдындарының жағалау аумақтарында жаяу патрульдеу ұйымдастырылған. Президенттік саябақ пен коммуналдық жағажай аумағындағы құтқару бекеттерінде құтқарушылар күн сайын кезекшілік атқарады.
Тұрақты негізде полиция қызметкерлерімен, балық инспекциясымен және волонтерлермен бірлесіп, апта сайын профилактикалық рейдтер өткізіледі.
Волонтерлер рейдтер мен профилактикалық іс-шараларға белсенді түрде қатысады. Олар құтқарушылармен бірлесіп, балықшылар мен тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, мұз үстіндегі қауіпсіздік қағидалары бойынша ақпараттық материалдар таратады.
Республикалық «Мұз» акциясы аясында су айдындары маңындағы азаматтар көп шоғырланатын орындарда профилактикалық жұмыстар күшейтілді.
Елордадағы сауда-ойын-сауық орталықтары мен кинотеатрларда қауіпсіздік қағидалары туралы профилактикалық бейнематериалдар көрсетілуде.
Сондай-ақ Астана қаласы әкімдігінің Білім басқармасымен бірлесіп, елорданың барлық мектептерінде жұқа мұздағы жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шаралар өткізілді.
Мұз үстіне шығу кезіндегі қауіпсіздік талаптарына ерекше назар аудару қажет.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 19 қаңтардағы № 34 бұйрығымен бекітілген Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларына сәйкес, бір адам үшін мұздың қауіпсіз қалыңдығы кемінде 10 сантиметр, ал бұқаралық спорттық және мерекелік іс-шараларды ұйымдастыру үшін кемінде 25 сантиметр болуы тиіс.
Қысқы балық аулауды ұнататын азаматтарға ерекше назар аударамыз. Қалыңдығы 25 сантиметрден аз мұзда балық аулау кезінде жеке құтқару құралдарының болуы міндетті. Атап айтқанда, құтқару кеудешесі, ысқырық, құтқару шанышқылары, диаметрі кемінде 11 миллиметр және ұзындығы кемінде 12 метр арқан, ұзындығы кемінде 2 метр таяқ, сондай-ақ су өткізбейтін қаптағы ұялы телефон болуы қажет.
Сонымен қатар, мұз қату және мұз еру кезеңдерінде, тәуліктің қараңғы уақытында және көріну мүмкіндігі нашар болған жағдайда мұз үстіне шығуға тыйым салынады.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабына сәйкес, су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын бұзғаны немесе орындамағаны үшін олардың сақталуына жауапты тұлғаларға әкімшілік жауапкершілік көзделгенін еске саламыз. Атап айтқанда, жеке тұлғаларға 7 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл белгіленген.
Құрметті елорда тұрғындары мен қонақтары!
Баршаңызды қауіпсіздік қағидаларын қатаң сақтауға, жұқа және толық қатпаған мұзға шықпауға, балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмауға және орнатылған ескерту белгілерінің талаптарын орындауға шақырамыз.
Төтенше жағдай туындаған жағдайда дереу 112 нөміріне хабарласыңыздар.
Есіңізде болсын, қауіпсіздік қағидаларын сақтау — өз өміріңіз бен денсаулығыңызды қорғаудың кепілі!
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









