БҚО полиция департаментінің қызметкерлері әкімдікпен, білім басқармасымен, мектептердің әкімшілігімен бірлесіп, "Қауіпсіз ел" жобасы аясында Орал қаласындағы мектептердің маңы мен оқушылардың мектепке қатынайтын жолдарына мониторинг жүргізді. Нәтижесінде қаладағы мектептердің маңына, оқушылар жүретін жолдар мен тротуарларға 330 жарық шамы орнатылды. Сонымен қатар мектеп маңындағы жол қауіпсіздігін одан әрі жақсарту үшін бірқатар жұмыс атқарылды. Биыл 57 жол белгісі ауыстырылып, 21 жердегі жасанды жол кедергілері жаңартылды. №35, №45 және №23 мектептерге кіреберістегі оқушылар өтетін жолға көтеріңкілеу жаяу жүргіншілер өткелдері салынды. Бұдан бөлек, №9 және №49 мектептердің маңына арнайы бағандар орнатылып, №16 және №27 мектептердің жанындағы екі бағдаршам жаңартылды. Олар жаяу жүргіншілерге арналған арнайы түймелермен жабдықталды. №9 мектепке қарай баратын жолға асфальт төселіп, №42 мектептің алдында қосымша көлікке арналған тұрақ ашылды.
– Осы жұмыстарды жоспарлау кезінде ата-аналардың өтініштері ескерілді. Балалардың қауіпсіздігі – бірінші кезектегі мәселе. Бұл бірлесе атқарған жұмыстың нәтижесі. Әлі де атқарылатын шаралар бар. Қалада барлығы 53 мектеп бар. Әлі бірнеше мектептердің маңын абаттандыру қажет. Бұл бағыттағы жұмыс кезең-кезеңмен іске асырылады, – деді БҚО ПД ақпараттық саясат бөлімінің бастығы Жазира Кенже.
– Менің немерелерім орталықтағы №1 мектепте оқиды. Үлкені 5-сыныпта оқиды, сыныптастарымен өздері барып, келеді. Сабақ таңғы 08.00-де басталады, 07.30-да үйден шығып кетеді. Көрші балалар, қыздар бәрі бірге кетеді. Мектепке баратын көшеде жарық жарқырап тұр, жақсы болды, – деді қала тұрғыны.
Мектеп маңын жарықтандыру, жол қауіпсіздігін жақсарту және балалардың амандығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








