«Заң мен тәртіп»: елордалық студенттер «дропперге қатысты сот процесін» сахналады

    1 / 6

    «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы мен «Student Unity» жобасы аясында елордалық студенттер «Дропперлік: оңай табыс па, әлде қылмыстық жауапкершілік пе?» тақырыбында қойылым түріндегі сот процесіне қатысты, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

    Іс-шараны елорда әкімдігінің «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы КММ ұйымдастырды. Кездесу жастардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыруға, сондай-ақ дропперліктің алдын алуға бағытталды. Дропперлік дегеніміз – ақшалай сыйақы үшін банк картасын немесе банк шотына қол жеткізу мүмкіндігін өзгелерге беру.

    Ұйымдастырушылардың айтуынша, сот процесі форматындағы қойылым студенттерге алаяқтық схемалардың қалай жұмыс істейтінін түсіндіріп қана қоймай, мұндай әрекеттерге қатысудың қандай салдарға әкелуі мүмкін екенін іс жүзінде көрсетеді.

    Өйткені аз күш жұмсап, оңай ақша табуға уәде беретін ұсыныстар, әсіресе ықтимал қауіп-қатерді толық бағамдай бермейтін жастар үшін тартымды көрінуі мүмкін.

    Қойылым барысында студенттер судья, прокурор, адвокат, куәгер және сот процесінің өзге де қатысушыларының рөлдерін сомдады. Сценарий бойынша жәбірленуші мен банк шоты арқылы ақша аударымдарын орындайтын дроппердің қатысуымен болған оқиға сахналанды. Осылайша, студенттерге мұндай заңсыз әрекеттердің қалай өрбитіні және оған қатысқан адамдардың қандай жауапкершілікке тартылуы мүмкін екені көрсетілді.

    Қатысушылар тараптардың уәждерін тыңдап, сұрақтар қойды, ұсынылған дәлелдерді зерделеп, сот жарыссөзіне қатысты. Қойылым соңында сот үкімі жарияланды. Бұл студенттерге сот процесінің негізгі кезеңдерімен танысып, істің қаралу тәртібін жақынырақ түсінуге мүмкіндік берді.

    Осылайша, студенттердің басым бөлігі сот отырысын көрермен ретінде тамашаласа, арнайы дайындалған жастар процеске тікелей қатысып, қаралған істің мән-жайын тереңірек түсінуге мүмкіндік алды. Олар сот процесінің әр тарапына тән міндеттерді орындап, оқиғаға түрлі қырынан қарады.

    Ұйымдастырушылар жастардың мәселеге тек сырттай бақылаушы ретінде емес, сот процесіне қатысушылардың көзімен де қарағанын қалаған. Сондықтан олардың қойылымға белсенді араласуына басымдық берілген. Мұндай тәсіл арқылы жастардың назарын дропперліктің қауіпті тұстарына аударып, оның құқықтық салдарын жақсырақ түсіндіру көзделген.

    «Астана жастары» орталығының жастармен тәрбие жұмысы бөлімінің маманы Жангүл Қамбардың айтуынша, сот процесі форматындағы қойылым «Заң мен тәртіп» жобасы аясында жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстың бір бағытына айналған. Бұдан бөлек, жастарға құқықтық сауаттылық пен қауіпсіздік мәселелеріне арналған дәрістер, тренингтер және форумдар ұйымдастырылады. Бұл шаралар жастардың құқықтық білімін арттырып, түрлі құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған.

    «Бүгін біз дропперлік, яғни оңай жолмен ақша табу тақырыбында қойылым түріндегі сот процесін өткізіп жатырмыз. Студенттерге мұндай әрекеттердің қандай салдарға әкелетінін тек теория жүзінде емес, нақты мысал арқылы көрсеткіміз келді. Сондықтан осы форматты таңдадық. Қатысушылар прокурор, адвокат, судья, куәгер және басқа да тараптардың рөлдерін сомдайды. Бұл оларға мәселенің қаншалықты өзекті әрі маңызды екенін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді», – деп түсіндірді ол.

    Оның айтуынша, профилактикалық жұмыста жастарға ерекше көңіл бөлінеді. Себебі студенттерге тез табыс табуға қатысты түрлі ұсыныстар түсіп жатады. Алайда олар мұндай істің соңы қайда апаруы мүмкін екенін әрдайым бағамдай бермейді. Ал банк картасын немесе шотқа қол жеткізу мүмкіндігін бөгде адамдарға беру адамның болашағына әсер етіп, елеулі құқықтық салдарға соқтыруы мүмкін. Сондықтан жастарға мұндай ұсыныстардың астарында қандай қауіп барын дер кезінде түсіндіру маңызды.

    «Біздің басты мақсатымыз – жастарға қажетті ақпарат беріп, олардың құқықтық және қаржылық сауатын арттыру, қандай ұсыныстар мен мәмілелерден бас тарту керегін түсіндіру. Студенттер алаяқтық схемаларға қатысудың салдарын және оның болашағына қаншалықты зиян келтіруі мүмкін екенін түсінуі маңызды», – деп толықтырды ол.

    Мұндай іс-шаралар студенттердің банк деректеріне жауапкершілікпен қарауына, қаржылық тұрғыдан сақ болуына және ойланбай қабылданған шешімдердің құқықтық салдарын түсінуіне ықпал етеді. Сонымен қатар жастарға күмәнді ұсыныстарға бірден келіспей, олардың заңдылығына көз жеткізудің маңызын түсіндіреді.

    Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай тәжірибе жастарға алаяқтық әрекеттерді дер кезінде танып, заңсыз қаржылық операцияларға араласудан сақтануға көмектеседі.

    #законипорядок #заңментәртіп

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының әкімдігі" жаңалықтары