Абай облысында 5 инвестициялық жоба мақұлданды

    1 / 12

    Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен инвестиция тарту жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті.

    Жиында жалпы құны 1,22 трлн теңгені құрайтын және 11395 жаңа жұмыс орнын ашуды көздейтін 5 инвестициялық жоба қаралып, мақұлданды. Атап айтқанда, Мақаншы ауданында индустриялық-өнеркәсіптік парк салу, электролиттік алюминий өндіретін зауыт пен оған ілеспе жел электр станциясын салу, Семей қаласында асфальтбетон және бетон қоспаларын өндіретін өндірістік кешен ашу, «Silkway HUB» көпфункционалды қойма және көлік-логистикалық кешенін құру, сондай-ақ, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратып, электр және жылу энергиясын өндіретін қоқыс жағу зауытын салу жобалары талқыланды. Мақұлданған инвестициялық жобалардың 2-еуі Мақаншы ауданында, 3-еуі Семей қаласында іске асырылады.

    Аймақ басшысы инвестициялық бастамаларды жүзеге асыруда жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігі жоғары екенін атап өтті.

    «Мемлекет басшысының инвестиция тарту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында Абай облысында инвестициялық ахуалды жақсарту және жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Бүгін қаралған инвестициялық жобалар өңір экономикасының тұрақты дамуы үшін маңызды. Ендігі міндет – қабылданған шешімдерді уақтылы орындап, әр жобаның іске асырылуына қажетті қолдау көрсету. Қала және аудан әкімдері инвесторларды жобаның барлық кезеңінде сүйемелдеуі керек. Инвесторлардың өтініштері уақтылы қаралып, туындаған мәселелер жедел шешілуі тиіс», – деді Берік Уәли.

    Кеңес қорытындысында облыс әкімі мақұлданған инвестициялық жобаларды ерекше бақылауға алып, қабылданған шешімдердің уақтылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына жобалардың іске асырылуын тұрақты қадағалап, мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіру міндетін жүктеді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Абай облысының әкімдігі" жаңалықтары