Астанада Әлихан Ермеков атындағы №38 мектеп-лицейінде музыка пәнінің мұғалімі Нұржан Қанафин Ахметбекұлының «Ғасырлар үні» атты шығармашылық кеш өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Шығармашылық кеште ұстаз бен шәкірттер қазақтың күмбірлеген күйлерін орындап, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Бұл кеш – домбыра өнерін дәріптеп жүрген ұстаз еңбегінің және шәкірттерге деген шығармашылық қолдаудың жарқын көрінісі болды.
Бұл шығармашылық кеш – ұлттық өнерді ұлықтап, жас ұрпақтың домбыраға деген сүйіспеншілігін арттырып жүрген ұстаз еңбегінің жарқын көрінісі болды.
«Шағын ғана шығармашылық кешімде шәкірттеріммен бірге өнер көрсеттік. Домбыраға қызығушылығы бар балалардың жаман болмайтынын айтқым келеді. Еңбегіміздің нәтижесі де жоқ емес. Шәкірттерім түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр», – дейді ұстаз.
Мектеп мұғалімі ұлттық өнерді дәріптеп, оқушыларды домбыра шертуге баулып келеді. Бүгінде ол мектепте білім алатын 2300 баланың 1000-нан астамына домбыра үйреткен.
Жас ұстаздың айтуынша, домбыра үйренуге қызығушылық танытатын оқушылардың қатары жыл сайын артып келеді. Шәкірттер санының азайған кезі болмаған. Ұстаздың қажырлы еңбегінің арқасында мектептің әр бұрышында домбыра тартып отырған балаларды кездестіруге болады.
«Кербез» өнер орталығында домбыра пәнінен сабақ беретін Нұржан Қанафин бұл салада бес жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Осы уақыт ішінде көптеген шәкірт тәрбиелеп, олардың өнерге деген қызығушылығын арттыруға үлес қосып жүр.
Ұлттық өнерге баулуды басты мақсат еткен Нұржан Қанафин домбыра арқылы балалардың рухани дүниесін байытып, олардың шығармашылық қабілетін дамытуға атсалысып келеді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









