Исламабад, 2026 жылғы 17 қараша– «Достық» қазақстандық-пәкістандық спорт орталығында ерлер мен әйелдер арасында Qazaq Kuresi бойынша Пәкістанның алғашқы ұлттық чемпионаты өтті. Жарысқа елдің түрлі өңірлерінен 14 команда құрамында 230-ға жуық спортшы қатысты.
Іс-шараға Пәкістанның Qazaq Kuresi федерациясының президенті, Пәкістан Қарулы Күштерінің спорт жөніндегі бас директоры генерал-майор Әділ Рехмани, Федерацияның бас хатшысы Навид Афзал, Қазақстанның Qazaq Kuresi қауымдастығының бас директоры Мейіржан Берекетов, Қауымдастықтың спорт менеджері Айдос Сейпілұлы, Пәкістанның спорт ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ Қазақстанның Пәкістандағы Елшілігінің өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында Ә.Рехмани пәкістандық тараптың елде Qazaq Kuresi спортын одан әрі дамытуға және кеңінен насихаттауға, ұлттық спортшылардың халықаралық жарыстарға қатысу аясын кеңейтуге, сондай-ақ Қазақстанмен спорт саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға ерекше мүдделі екенін атап өтті.
2026 жылғы сәуірде Қазақстанның Qazaq Kuresi қауымдастығы мен Пәкістанның Qazaq Kuresi федерациясы арасында қол қойылған Өзара түсіністік туралы меморандумды іс жүзінде іске асыруға ерекше назар аударылды. Ынтымақтастық аясында шілде айында Исламабадта жаттықтырушылар мен төрешілерге арналған халықаралық курстар өткізілді, тамызда пәкістандық спортшылар Бакуде өткен Qazaq Kuresi бойынша әлем чемпионатына қатысты, ал қарашада Карачиде өңірлік спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды.
Қазақстандық тарап Пәкістанның Qazaq Kuresi федерациясының қазақтың ұлттық күресін дамыту және насихаттау бағытындағы күш-жігерін жоғары бағалап, бірлескен жарыстар өткізу, тәжірибе алмасу және пәкістандық спортшылардың Қазақстандағы халықаралық турнирлерге қатысуын қамтамасыз ету арқылы өзара іс-қимылды одан әрі кеңейтуге мүдделілік білдірді.
Чемпионаттың 2026 жылғы 4 ақпандаҚРПрезиденті Қ.Тоқаевтың Пәкістанға мемлекеттік сапары аясында ашылған «Достық» спорт орталығында өткізілуі екі ел арасындағы спорттық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтудың нақты үлгісі болды.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









