ДАРЫНДЫ БАЛАЛАР ӨНЕР БАЙҚАУЫНДА БАҚ СЫНАДЫ

    1 / 4

    ҚР Тәуелсіздігінің 35 жылдығы аясында «Мәдениетім – мерейім!» атты балалар өнер байқауы өтті. Байқаудың басты мақсаты – жас таланттарды анықтап, олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, өнерге деген қызығушылығын арттыру, ұлттық мәдениет пен рухани құндылықтарды дәріптеу. Өнер додасына 6-16 жас аралығындағы дарынды балалар мен жасөспірімдер қатысып, өз өнерлерін үш негізгі номинация бойынша ортаға салды.

    Атап айтқанда, «Дәстүрім – дара жолым» вокалдық өнер номинациясында жас орындаушылар эстрадалық және дәстүрлі ән жанрында бақ сынаса, «Күй – домбыра» номинациясында қатысушылар қазақ халқының асыл мұрасы – дәстүрлі күйлерді орындады. Ал, «Би – өнердің бейнесі!» хореографиялық өнер номинациясында би ансамбльдері өздерінің шығармашылық қойылымдарын ұсынды.

    Іс-шарада қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Оңдасынова жасөспірімдердің қадамына сәттілік тілеп, дарынды балаларға әрдайым қолдау көрсетілетінін айтты.

    Байқауға ұсынылатын шығармалар патриоттық бағытта болуы шарт. Қатысушылар Отанға, туған жерге, туған елге, ел бірлігі мен ұлттық құндылықтарға арналған әндер мен күйлерді орындап, би қойылымдары арқылы ұлттық рух пен өнердің әсемдігін паш етті.

    Қатысушылардың орындаушылық шеберлігі, сахналық мәдениеті, көркемдік ерекшелігі мен әртістік қабілеті ескеріліп, үздіктер 10 балдық жүйе бойынша анықталды.

    Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар «Бас жүлде», І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды. Сонымен қатар, үздік өнер көрсеткен қатысушыларға арнайы номинациялар мен ынталандыру сыйлықтары табысталды.

    «Мәдениетім – мерейім!» өнер байқауы – жас ұрпақтың бойына ұлттық өнерге деген құрметті сіңіріп, шығармашылық ізденісіне жол ашатын, дарынды балалардың талабын ұштап, өнер көкжиегін кеңейтетін тағылымды мәдени іс-шара.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    ""Шымкент қаласының ішкі саясат басқармасы" КММ" жаңалықтары