Қалалық политехникалық колледжде «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» халықаралық науқаны аясында Әл-Фараби аудандық әкімдігінің ұйымдастыруымен іс-шара өтті.
Науқанның негізгі мақсаты — тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне қоғам назарын аудару, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, зорлық-зомбылықтың кез келген көрінісіне мүлдем төзбеушілік қалыптастыру, сондай-ақ қоғамда теңдік, құрмет және қауіпсіздік идеяларын насихаттау.
Іс-шара барысында қатысушыларға тұрмыстық және гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алудың, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғаудың маңызы, зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге көмек көрсету шаралары түсіндірілді. Көмекке мұқтаж болған жағдайда тиісті мемлекеттік органдар мен ұйымдарға дер кезінде жүгіну қажеттігіне ерекше назар аударылды.
«Мұны іште сақтауға болмайды, біз онымен бірге күресуіміз керек», — деді Әл-Фараби ауданы әкімдігінің бөлім басшысы Бақтияр Сәлиев.
«Қазақстан Республикасы әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігі қалалық филиалының төрағасы Баян Жандосова осы бағыттағы қоғамдық жұмыстың маңызына тоқталды. Ол тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесімен көп жылдан бері айналысып келе жатқанын айтты.
«Біз мәселесі бар отбасыларды анықтап, психологиялық және өзге де көмек көрсетеміз. Мұндай мәселелерді жасыруға болмайды. Себебі ауру туралы айтылмаса, жасырылса, оның неге әкелетінін білесіздер», — деді Баян Жандосова.
Мұндай іс-шаралар қоғамның хабардарлығын арттыруға, отбасылық құндылықтарды нығайтуға және әрбір тұрғын үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға ықпал етеді.
Еске сала кетейік, қалада 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында жыл сайынғы «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» халықаралық науқаны өтіп жатыр. Осы кезеңде қалалық полиция департаментінің қызметкерлері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алып, оның жолын кесу, халықты қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар ету және қоғамда отбасының рөлін нығайту мақсатында акция өткізуде.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









