Орталық Азия мемлекеттері елшілерінің Мажарстан Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Анита Орбанмен кездесуі туралы

    1 / 4

    Будапешт, 2026 жылғы 12 қараша-Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшісі Әнел Бақытбекқызы Мажарстан Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Анита Орбанның Орталық Азия мемлекеттерінің елшілерімен кездесуіне қатысты.

    Кездесу барысында тараптар Мажарстан мен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму мүмкіндіктерін талқылады. Саяси диалогты нығайтуға, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейтуге, көлік-логистикалық өзара байланыстылықты дамытуға, сондай-ақ энергетика, білім беру және цифрлық технологиялар салаларындағы өзара іс-қимылды ілгерілетуге ерекше назар аударылды.

    Мажар тарапы Орталық Азия елдерімен қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға мүдделі екенін растап, өңірдің Мажарстанның сыртқы саясатындағы стратегиялық маңызын атап өтті.

    Қазақстан Елшісі өзара сенімге, тарихи-мәдени жақындыққа және тұрақты саяси диалогқа негізделген қазақ-мажар қатынастарының стратегиялық сипатын атап өтті.

    Қазақстан мен Мажарстан арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толуына ерекше назар аударылды. Аталған мерейтой екіжақты ынтымақтастыққа тың серпін беруге, оның ішінде жоғары деңгейдегі өзара сапарларды ұйымдастыру арқылы саяси байланыстарды жандандыруға мүмкіндік ретінде қарастырылды.

    Сауда-экономикалық салада Қазақстанның өзара сауда көлемін ұлғайтуға, тауар айналымының құрылымын әртараптандыруға, мажар инвестицияларын тартуға, сондай-ақ машина жасау, ауыл шаруашылығы, логистика және басқа да басым салаларда бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделілігі атап өтілді.

    Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған басымдықтарды іске асыру аясында Мажарстанмен инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, мажар компанияларын Қазақстанның инфрақұрылымын жаңғыртуға, геологиялық барлау жұмыстарын, агроөнеркәсіптік кешенді, су шаруашылығын, атом энергетикасын және цифрлық технологияларды, оның ішінде жасанды интеллектіні енгізуді дамытуға бағытталған ауқымды жобаларды іске асыруға тарту мүмкіндіктері қарастырылды.

    Көлік байланыстарын дамыту аясында Транскаспий халықаралық көлік бағытының (Орта дәліздің) Азия мен Еуропаны байланыстыратын маңызды буын ретіндегі стратегиялық маңызы атап өтілді.

    Қырғызстан, Түрікменстан және Өзбекстан елшілері де Мажарстанмен ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделіліктерін растап, саяси байланыстарды, инвестициялық өзара іс-қимылды, өңіраралық ынтымақтастықты, білім беру саласындағы алмасуларды дамытуға және халықаралық ұйымдар шеңберіндегі іс-қимылды үйлестіруге назар аударды.

    Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тұрақты саяси диалогты жалғастыруға, қолданыстағы ынтымақтастық тетіктерін дамытуға және Мажарстан мен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы әріптестікті нығайтуға бағытталған нақты бірлескен жобаларды іске асыруға көшуге өзара мүдделіліктерін растады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшілігі" жаңалықтары