Будапешт, 2026 жылғы 28 қазан - Мажарстан астанасында УЕФА Жастар лигасының 2026/2027 жылғы маусымының екінші кезеңі аясында алматылық «Қайрат» (U19) пен мажарстандық «МТК» (U19) командалары арасында футбол матчы өтті. Кездесу қазақстандық команданың 3:1 есебімен жеңіске жетуімен аяқталды.
Тартысты әрі тартымды өткен матчтың 52-минутында «Қайрат» ойыншысы Данияр Ташпулатов есеп ашты. Ал 79-минутта Абылай Төлеухан қазақстандық команданың басымдығын еселей түсті. 87-минутта мажарстандық футболшы Даниэль Варга есеп айырмасын қысқартқанымен, 89-минутта Райымбек Кеңесбеков үшінші голды соғып, кездесудің қорытынды есебін 3:1 етіп белгіледі.
Матч барысында Мажарстанда білім алып жатқан қазақстандық студенттер мен қазақ диаспорасының өкілдері алматылық «Қайрат» командасына белсенді қолдау көрсетті. Трибунаға жиналған қазақстандық жанкүйерлер бірлік пен жанкүйерлік қолдаудың ерекше атмосферасын қалыптастырып, футболшылармен бірге лайықты жеңістің қуанышын бөлісті.
Матч аяқталғаннан кейін Қазақстанның Мажарстандағы Елшісі Анель Бақытбекқызы алматылық «Қайраттың» жас футболшыларын лайықты жеңісімен құттықтап, олардың жоғары дайындық деңгейін, командалық ұйымшылдығын, қайсар мінезі мен жеңіске деген жігерін ерекше атап өтті. Дипломатиялық миссия басшысы спортшыларға алдағы уақытта толағай табыстар, жаңа жетістіктер және халықаралық аренада жарқын жеңістер тіледі.
Осындай спорттық кездесулер Қазақстан мен Мажарстан арасындағы достық байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ екі ел арасындағы спорттық және гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.
«Қайрат» пен «МТК» командалары арасындағы қарымта кездесу 2026 жылғы 4 қарашада Алматы қаласында өтеді.









