Астана, 2026 жылғы 20 қазан – Қазақстан астанасында «Ауыл шаруашылығы және климатты қорғау» атты II халықаралық конференция өтті. Іс-шара заманауи агротехнологияларды, тұрақты егіншілікті және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін жаңа экономикалық мүмкіндіктерді талқылау мақсатында қазақстандық және мажарстандық сарапшылардың басын қосты.
Конференцияны Мажарстанның International Climate Change Solutions (ICCS) компаниясы Қазақстанның Мажарстандағы Елшілігі мен «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясының қолдауымен ұйымдастырды.
Климаттың өзгеруі жағдайында топырақ құнарлылығын қалай сақтауға, құрғақшылықтың салдарын қалай азайтуға және экологиялық тұрғыдан тұрақты егіншілік әдістерін қосымша табыс көзіне қалай айналдыруға болады? Бұл мәселелер конференцияға қатысушылардың басты назарында болды.
Негізгі тақырыптардың бірі көміртекті егіншілікті дамыту болды. Бұл тәсіл ауыл шаруашылығы тәжірибелері арқылы топырақта көміртектің жиналуына ықпал етуді көздейді. Мұндай қызметтің расталған нәтижелері көміртек кредиттерін шығару және оларды кейіннен халықаралық нарықтарда өткізу үшін негіз бола алады.
Халықаралық климаттық талаптардың қатаңдауы және көміртек кредиттері нарығының дамуы аясында көміртекті егіншіліктің экономикалық тартымдылығы артып келеді. Еуропалық одақ көміртекті сіңіру жобаларын сертификаттаудың бірыңғай стандарттарын енгізуде, ал халықаралық компаниялар шығарындылардың нақты расталған қысқаруына барған сайын көбірек көңіл бөлуде. Бұл қазақстандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге сертификатталған көміртек кредиттерін сату арқылы қосымша табыс табуға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Мажарстанның ICCS компаниясы Қазақстанда жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен ынтымақтастық орната отырып, тиісті бағдарламаны іске асыруда. Бастама топырақтың жай-күйін жақсартуға, тұрақты егіншілік әдістерін енгізуге және аграрлық бизнес үшін жаңа экономикалық мүмкіндіктер қалыптастыруға бағытталған.
Конференция бағдарламасында топырақ ресурстарын сақтау жөніндегі ғылыми әзірлемелер мен практикалық шешімдерге ерекше орын берілді. Мажарстандық мамандар көміртек теңгерімі, топырақ құнарлылығын арттыруға арналған микробиологиялық технологиялар, сондай-ақ құрғақшылық салдарын азайту және өсімдік шаруашылығында ылғалды тиімді пайдалану әдістері саласындағы зерттеулердің нәтижелерін таныстырды.
Негізгі баяндамашылардың бірі Мажарстанның Карцаг қаласындағы Климаттық зерттеулер институтының жетекшісі, топырақ процестері мен ауыл шаруашылығы технологияларының қоршаған ортаға әсерін зерттеуге маманданған профессор Йожеф Жембель болды.
Конференция аясында Й. Жембельге Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің құрметті профессоры атағы берілді. Бұл оқиға Қазақстан мен Мажарстан арасындағы ғылыми-білім беру ынтымақтастығын нығайту жолындағы тағы бір қадам болды.
Конференция ғылыми білім алмасуға, заманауи технологияларды енгізуге және қазақстандық және мажарстандық ұйымдар арасындағы іскерлік байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, іс-шара барысында Қазақстанның ауыл шаруашылығының орнықтылығын арттыруға, көміртек кредиттері нарығын дамытуға және аграрлық секторға еуропалық инвестициялар тартуға бағытталған бастамалар талқыланды.
Анықтама: ICCS (International Climate Change Solutions Zrt.) компаниясы тұрақты және регенеративті ауыл шаруашылығын дамытуға, парниктік газдар шығарындыларын азайтуға және көміртегі бірліктері нарығын дамытуға маманданған. Компания ауыл шаруашылығы өндірушілеріне экологиялық тұрғыдан тұрақты егіншілік әдістерін енгізуге, топырақ құнарлылығын арттыруға, топырақтағы көміртегі мөлшерін көбейтуге және экологиялық нәтижелерді мониторингтеуге жәрдемдеседі. Қазақстанда ICCS ерікті көміртегі нарығында кейіннен өткізу үшін көміртегі бірліктерін қалыптастыруға және тұрақты агротехнологияларды енгізуге бағытталған SCETA (Supporting a Sustainable Circular Economy Transition in Agriculture for Carbon Neutralization) жобасын іске асыруда. Жоба аясында жергілікті ауыл шаруашылығы өндірушілеріне консультациялық қолдау көрсету, топырақ биостимуляторларын қолдану және топырақтағы көміртегі мөлшерін мониторингтеу жүйесін жетілдіру көзделген.








