Түркістанда қазақтың көрнекті ақыны, жазушысы әрі мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығына арналған «Сәкен Сейфуллин: тағдыр мен тағылым» көрмесі ашылды. Экспозиция қаламгердің әдеби мұрасы, мемлекеттік және қоғамдық қызметі, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына қосқан үлесін дәріптеуге бағытталған.
Іс-шараның ашылу салтанатына жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, мәдениет қайраткерлері, музей қызметкерлері, оқытушылар және оқушылар қатысты. Көпшілікке концерт бағдарламасы ұсынылды.
Көрме үш бөлімнен тұрады. Олар Сәкен Сейфуллиннің балалық және жастық шағын, мемлекеттік әрі қоғамдық қызметін және әдеби мұрасын қамтиды.
Көрмеге ақынның жеке заттары, сирек фотосуреттері, қолжазбалары, тарихи құжаттары мен шығармаларының алғашқы басылымдары қойылған. Көпшілік «Ундервуд» жазу машинкасын, қойын дәптерін, алтын қалта сағатын және отбасында қолданылған тұрмыстық бұйымдарды тамашалай алады.
Экспозиция Сәкен Сейфуллиннің қазақ тілі мен әдебиетін дамыту және ұлттық мәдениетті сақтауға сіңірген еңбегінің маңызын айшықтайды. Мұнда қаламгердің публицистикалық мақалалары, 1927 жылы жарық көрген «Тар жол, тайғақ кешу» романының алғашқы басылымы, «Асау тұлпар», «Жер қазғандар», «Өткен күндер» және басқа да шығармаларының сирек басылымдары қойылған.
Көрме 9 қарашаға дейін Түркістандағы Ясауи музейінде жалғасады. Іс-шараны Сәкен Сейфуллин музейі мен «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы ұйымдастырды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі









