Қызылордада Қазақстан драма театрларының XXXI республикалық фестивалінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Биылғы фестиваль қазақ театртану ғылымының көрнекті өкілі, театр сыншысы, профессор Бағыбек Құндақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылды.
Фестивальдің ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтың құттықтау хаты оқылды. Құттықтауда Бағыбек Құндақбаевтың ұлттық сахна өнерінің тарихын зерттеуге, театртану ғылымын дамытуға және отандық театр сынының қалыптасуына қосқан елеулі үлесі атап көрсетілді.
Іс-шараға еліміздің әр өңірінен он театр ұжымы қатысып жатыр. Көпшілікке «Міржақып», «Жәмилә», «Макбет», «Қаралы сұлу», «Қылмыс пен жаза», «Қарағай», «Қараш асуындағы баллада», «Іс № 20/25», «Қарагөз» және «Пейіш» спектакльдері ұсынылады.
Фестиваль отандық театр өнерін дамытуға, кәсіби шығармашылық байланысты нығайтуға және көрерменнің танымын кеңейтуге бағытталды.
Қойылымдар 24 қазанға дейін Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының сахнасында көрсетіледі.
Фестиваль Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен өтіп жатыр. Ұйымдастырушылар – Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры және Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театры.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі









