1. Нормативтік негіз
2026 жылғы 10 қазанда Қазақстан Республикасының Үкіметі «Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің қағидаларын және Көші-қон бақылауын жүзеге асыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан заңсыз өтетін, Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына келуге тыйым салынған адамдарды есепке алу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 21 қаңтардағы № 148 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» № 890 қаулыны қабылдады (бұдан әрі — қаулы).
Қаулымен Қазақстан Республикасына кіруге арналған электрондық рұқсат алу тәртібі айқындалады.
Қаулының толық мәтінімен келесі сілтеме бойынша танысуға болады: https://adilet.zan.kz/kaz/docs/P2600000890.
2. Электрондық рұқсатты енгізу кезеңдері
Қаулының 6-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасына визасыз тәртіппен, оның ішінде Беларусь Республикасының азаматтары үшін, келетін шетел азаматтарына арналған электрондық кіру рұқсатын кезең-кезеңімен енгізу көзделген:
2026 жылғы 1 қарашадан бастап — Ақтау халықаралық әуежайы, «Үрлітөбе» (Павлодар облысы), «Аухатты» (Жамбыл облысы), «Атамекен» (Түркістан облысы) және «Нұрлы жол» (Жетісу облысы) автомобиль өткізу пункттері;
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап — Астана және Алматы халықаралық әуежайлары;
2027 жылғы 1 наурыздан бастап — Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өтетін барлық қалған өткізу пункттері;
2027 жылғы 1 шілдеден бастап — қаулыда көзделген жағдайларда электрондық рұқсаттың міндетті түрде болуы.
Маңызды. 2026 жылғы 1 қарашадан бастап 2027 жылғы 30 маусымға дейін электрондық рұқсатты рәсімдеу ұсынымдық сипатта болады. Осы кезеңде шетел азаматтарына оны алу тәртібі және өтпелі кезең аяқталғаннан кейін рұқсатты міндетті түрде рәсімдеу қажеттігі түсіндіріледі.
2027 жылғы 1 шілдеден бастап, қаулыға сәйкес оны алудан босатылған адамдарды қоспағанда, аталған тәртіп қолданылатын шетел азаматтары үшін Қазақстан Республикасына кіруге арналған электрондық рұқсатты міндетті түрде рәсімдеуге көшу көзделген.
Электрондық рұқсаттың болуы Қазақстан Республикасының заңнамасында, оның ішінде «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 48-бабында көзделген өзге де негіздер бойынша елге кіруден бас тартуды жоққа шығармайды.
3. Электрондық рұқсатты рәсімдеу тәртібі
Электрондық рұқсат алуға арналған өтініш болжамды кіру күнінен кемінде 72 сағат бұрын App Store және Google Play платформаларынан жүктеп алуға болатын «QazETA» мобильді қосымшасы арқылы беріледі.
Электрондық рұқсатты рәсімдеу тегін түрде жүзеге асырылады.
Электрондық рұқсат 180 күнтізбелік күн мерзімге беріледі. Бұл ретте ETA жүйесін енгізу шетел азаматтарының Қазақстан Республикасының аумағында болу мерзімдерінің белгіленген тәртібіне өзгерістер енгізбейді.
4. Беларусь Республикасы азаматтарының келу және болу қағидалары
Электрондық рұқсатты енгізу Беларусь Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасына кіруінің қолданыстағы қағидаларын, кіру құқығын беретін құжаттар тізбесін, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасының аумағында уақытша болуына рұқсат етілген мерзімдерді өзгертпейді.
Беларусь Республикасының азаматтары қолданыстағы кіру қағидаларында көзделген жарамды құжаттар бойынша Қазақстан Республикасына бұрынғы тәртіппен кіруге құқылы.
Беларусь Республикасы азаматтарының уақытша болу мерзімі әрбір 180 күнтізбелік күндік кезең ішінде 90 күнтізбелік күнді құрайды.
5.
Электрондық рұқсат алудан босатылатын адамдар санаттары
Электрондық рұқсат алудан мынадай адамдар санаттары босатылады:
- Шет мемлекеттердің, үкіметтердің, халықаралық ұйымдардың басшылары және олардың отбасы мүшелері;
- Шет мемлекеттер парламенттерінің, үкіметтерінің, халықаралық ұйымдардың мүшелері және олардың отбасы мүшелері;
- Қазақстан Республикасының құрметті консулдары және олардың отбасы мүшелері;
- Қазақстан Республикасындағы шет мемлекеттердің дипломатиялық және оларға теңестірілген өкілдіктерінде, халықаралық ұйымдарда және (немесе) олардың өкілдіктерінде жұмыс істеу үшін Қазақстан Республикасына жіберілетін, дипломатиялық агенттерге теңестірілген мәртебесі бар дипломатиялық паспорттардың, қызметтік паспорттардың, сондай-ақ халықаралық ұйымдар паспорттарының иелері, сондай-ақ Қазақстан Республикасында аккредиттелген шет мемлекеттердің консулдық мекемелерінің қызметкерлері;
- Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі берген аккредиттеу куәлігінің иелері;
- Курьерлік парағы болса, дипломатиялық поштаны алып жүретін дипломатиялық курьерлер;
- Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Құрылтайының, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппаратының, арнаулы мемлекеттік органдардың, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, сыртқы саяси қызмет саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның шақыруы бойынша Қазақстан Республикасына келетін шетел азаматтары;
- Он алты жасқа толмаған адамдар;
- Алпыс бес жасқа толған және одан асқан адамдар;
- Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өтпей халықаралық әуежайлардың транзиттік аймағында болатын транзиттік жолаушылар;
- Қазақстан Республикасының қолданыстағы визасы бар шетел азаматтары;
- Қазақстан Республикасында уақытша тұруға рұқсаты бар шетел азаматтары;
- Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар шетел азаматтары;
- Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес босқын деп танылған адамдар;
- Баспана іздеуші адамдар;
- Бас декларацияда (ұшу тапсырмасында) тиісті жазбасы болса, әуе кемелері экипаждарының мүшелері;
- Кеме рөлінде немесе одан үзінді көшірмеде тиісті жазбасы болса, теңіз және өзен кемелері экипаждарының мүшелері;
- Әрбір рейске бекітілетін құрамдау тізімдері бойынша пойыз, рефрижератор және локомотив бригадаларының мүшелері;
- Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары берген қызметтік және іссапар куәліктері (нұсқамалары) болса, үкіметаралық фельдъегерлік байланыс қызметінің қызметкерлері;
- Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, қызметтік және іссапар куәліктері (нұсқамалары) болса, күдіктілерді, айыпталушыларды және сотталғандарды айдауылмен алып жүруді жүзеге асыратын құқық қорғау органдарының қызметкерлері;
- Мемлекеттердің ресми мемлекеттік және үкіметтік делегацияларының мүшелері және оларды ертіп жүретін адамдар;
- Қызметтік куәліктері (ұйымдар басшылығы мен (жергілікті атқарушы орган) куәландырған атаулы тізімдері) болса, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан трансшекаралық құрылыстарға қызмет көрсететін қызметкерлер;
- Қазақстан Республикасының халықаралық әуежайларына мәжбүрлі (төтенше) қонған әуе кемелерінің жолаушылары;
- Қазақстан Республикасының халықаралық теңіз порттарына мәжбүрлі (төтенше) кірген теңіз кемелерінің жолаушылары;
- Егер бұл Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделсе, іздестіру-құтқару операцияларына байланысты Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өтетін адамдар;
- Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының шақыруы бойынша гуманитарлық миссияларға қатысу немесе төтенше жағдайлардың салдарын жою үшін келген адамдар;
- Шұғыл медициналық көмек көрсету мақсатында Қазақстан Республикасына келетін медициналық көмек бригадасының құрамындағы медицина ұйымдарының қызметкерлері;
- Халықаралық қатынаста жүк тасымалдауды жүзеге асыратын жүк көлік құралдарының (тіркемені қоса алғанда, рұқсат етілген жалпы салмағы 6 тоннадан асатын немесе тіркемені қоса алғанда, рұқсат етілген пайдалы жүктеме 3,5 тоннадан асатын) жүргізушілері, жолаушыларды халықаралық тасымалдауды жүзеге асыратын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен жүріп өтетін автобус жүргізушілері (жүргізушінің орнын қоспағанда, отыратын орындары 12-ден асатын);
- Жерлеу үшін қайтыс болған адамдардың мәйіттерін алып жүретін, оның ішінде транзитпен өтетін адамдар босатылады.
6. Қосымша ақпарат
«QazETA» цифрлық платформасы, өтініш беру тәртібі және электрондық рұқсатты рәсімдеу туралы өзекті ақпарат Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының ресми ақпараттық ресурстарында орналастырылады.
Электрондық рұқсатты рәсімдеу шетел азаматтарының келуі мен болуына қолданылатын Қазақстан Республикасы заңнамасының өзге де талаптарын сақтау міндетінен босатпайды.
«QazETA» цифрлық платформасының техникалық қолдау қызметі жұмыс істейді. Туындаған техникалық мәселелер бойынша өтініштер [email protected] электрондық поштасы арқылы қабылданады.
Ресми сайт: https://qazeta.kz/ru/eta.









