Атырауда “Ұлттық құндылықтарды ұлықтау —ұрпақтар сабақтастығының берік діңгегі: ардагерлердің қоғамдағы рөлі және жаңа міндеттер” тақырыбында пленум өтті.
Жиынға қатысушылар ардагерлер ұйымының жұмысын қорытындылап, әлеуметтік қолдау шараларын және аға буынның жастар тәрбиесіндегі және ұлттық дәстүрлерді сақтаудағы рөлін талқылады.
Шараға Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов, “Ардагерлер ұйымы”Республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы Әбілғазы Құсайынов, облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешев және өңірдегі ардагерлер ұйымы өкілдері қатысты.
Облыс әкімі Болат Ақшолақов ардагерлерге әлеуметтік қолдау көрсету, олардың денсаулығын сақтау және лайықты өмір сүру жағдайын жасау бағытындағы жұмыстар мемлекеттің басты назарындағы міндеттердің бірі болып қала беретінін айтты.
— Сіздер өңір өнеркәсібін өркендетуге, ауыл шаруашылығын, білім беру, денсаулық сақтау ісін, өлке мәдениетін дамытуға өлшеусіз үлес қостыңыздар. Қоғамдағы тұрақтылықты сақтауда, жастар тәрбиесінде және ұлттық құндылықтарымызды өскелең ұрпаққа мұра етіп қалдыруда ардагерлеріміздің өмірлік тәжірибесі мен белсенді азаматтық ұстанымы ауадай қажет. Баршаңызға зор алғысымды айтамын және алда әлі талай жұмысты бірлесе атқарамыз деп сенемін, — деді Болат Ақшолақов.
Әбілғазы Құсайынов ардагерлер қозғалысының жұмысындағы басым бағыттарға тоқталды. Олардың қатарында аға буынға деген құрметті арттыру, кітап оқуды насихаттау, өмірлік тәжірибені жастарға өнеге ету және тарихи жадыны сақтау бар.
Атырау облысында 264 ардагерлер ұйымы бар, оларға 65 мыңнан астам адам мүше. Соңғы бес жылда тағы 18 салалық бірлестік құрылған.
Облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешевтің сөзінше, егде жастағыларға медициналық және әлеуметтік қолдау көрсетуге ерекше көңіл бөлінеді. Медициналық есепте 80 мың зейнеткер тұр, оның 49 мыңына үйден стационарлық көмек көрсетіледі, оның 11 мыңы — ардагер. Бұған қоса, дене шынықтыру сабақтары, мәдени іс-шаралар, психологиялық кеңестер мен құқықтық көмек ұйымдастырылады.
Пленум соңында “Ардагерлер ұйымы” Республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің жобасын жүзеге асыруға елеулі еңбек сіңірген меценат Төкен Жұмағұловқа, Атырау облысының Құрметті азаматы Мәдина Ғабдусалимоваға, мемлекеттік қызмет ардагері Ғаббас Хисметуллинге және облыстық Ардагерлер кеңесі жанындағы “Әжелер алқасы”аналар кеңесінің төрағасы Күнсұлу Сұлтановаға “Құрмет белгісі” төсбелгісі табысталды. Бірқатар ардагер республикалық бірлестіктің “Құрмет грамотасы” мен Атырау облысы әкімінің алғысхатына ие болды.






