2026 жылғы 29 қазанда Қазақстан Республикасы ІІМ Басқару академиясында ІІМ Күзет қызметін бақылау комитетінің ұйымдастыруымен қызметтік борышын атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан полиция старшинасы Ғалиев Аян Ерболғанұлының есімі берілген ерлік сыныбының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Ерлік сыныбын ІІМ Күзет қызметін бақылау комитетінің төрағасы, полиция полковнигі Молдаханов Дархан Маханұлы және ІІМ Басқару академиясының бастығы полиция полковнигі Дильбарханова Жанат Рахымжанқызы ашты.
Салтанатты іс-шара барысында қатысушылар батырдың рухына тағзым етіп, оны бір минут үнсіздікпен еске алды. Сондай-ақ Аян Ғалиевтің өмір жолы мен ерлігі туралы деректі фильм көрсетілді.
Іс-шараға Комитет пен Басқару академиясының жеке құрамы, ішкі істер органдарының ардагерлері және жас сақшылар сыныбының тәрбиеленушілері қатысты.
Жиын аясында қызметтік міндеттерін абыроймен атқарып жүрген бірқатар қызметкер ведомстволық наградалармен марапатталып, ішкі істер органдары мен арнайы мемлекеттік органдарда ұзақ жылдар бойы қызмет еткен ардагерлерге құрмет көрсетілді. Сонымен қатар ерлік сыныбының ашылуына қолдау білдіріп, оның жүзеге асуына үлес қосқан қызметкерлерге алғыс хаттар табысталды.
Аталған бастама батырдың есімін ұлықтап қана қоймай, жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік, ерлік, азаматтық жауапкершілік пен елге адал қызмет ету құндылықтарын қалыптастыруға бағытталған.
Ерлік ұмытылмайды. Ер есімі – ел жадында!
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









