Жолдау-2026: Жамбыл облысында Президент тапсырмаларын орындау бойынша іс-шаралар жоспары әзірленеді

    1 / 10
    Жамбыл облысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттерді іске асыру мәселелеріне арналған кеңейтілген актив отырысы өтті.
    Жиынға төрағалық еткен облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы еліміздің жаңа тарихи кезеңге қадам басуымен, Тәуелсіздіктің 35 жылдығымен және жаңа халық Конституциясымен тұспа-тұс келгеніне тоқталды. Президент Әділетті, Қуатты, Таза және Прогрессивті Қазақстанды қалыптастыру жолындағы басым міндеттерді белгілегенін атап өтті.
    – Мемлекет басшысы атап өткендей, кез келген жұмысты ойдағыдай атқару үшін, ең алдымен, қоғамда татулық пен бірлік болуы керек. Бірлік пен келісім болмаса, ешқандай реформа мен ілгерілеу болмайды. Сондықтан талап пен тәртіпке, «Заң және тәртіп» қағидатына басымдық беруіміз қажет, – деді облыс әкімі.
    Өңір басшысы Жолдауда көтерілген атом энергетикасын дамыту мәселесіне де ерекше назар аударды. Оның айтуынша, Мойынқұм атом электр станциясының құрылысы Жамбыл облысы үшін жаңа экономикалық мүмкіндіктерге жол ашуы ықтимал.
    – Мемлекет басшысы «Балқаш» АЭС-інің құрылысын келесі жылы бастауды, ал «Мойынқұм» АЭС-ін жеделдету үшін кешенді ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюды ұсынды. Бұл – біздің өңір үшін де маңызды жоба. Станция облысымызбен шектес Мойынқұм құмдары аумағында салынады деп жоспарлануда. Құрылыс мыңдаған жұмыс орнын ашуға, құрылыс материалдарына, көлік және қызмет көрсету салаларына сұранысты арттыруға мүмкіндік береді. Мойынқұм, Шу, Қордай аудандары мен Тараз қаласы осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалануы тиіс. Біздің міндетіміз – жобаның өңір тұрғындарына нақты пайда әкелуін қамтамасыз ету, – деді Ербол Қарашөкеев.
    Осыған байланысты облыс әкімі Атом энергиясы агенттігімен өзара байланысты күшейтіп, өңір кәсіпорындары мен еңбек ресурстарының жобаға қатысу мүмкіндіктерін зерделеуді тапсырды. Атап айтқанда, жұмыс күшімен, құрылыс материалдарымен, көлік және энергетикалық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелерін пысықтап, қажетті мамандарды даярлау жоспарын әзірлеу міндеттелді.
    Жолдауда жаңартылатын энергия көздерін дамытуға да басымдық берілген. Осы орайда Ербол Қарашөкеев өңірде Біріккен Араб Әмірліктерінің Masdar компаниясы тарапынан құны 742 млрд теңге болатын, қуаты 1 ГВт жел электр станциясының құрылысы жүргізіліп жатқанын еске салды. Аталған жоба еліміздің энергетикалық қуат тапшылығын азайтуға және энергия профицитін қалыптастыруға Жамбыл облысының да үлес қосуына мүмкіндік береді.
    Сонымен қатар облыс әкімі «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында өңірдегі әлеуметтік нысандарға деген нақты қажеттілікті айқындап, Үкіметке ұсыныстар енгізу жұмыстарын күшейтуді жүктеді.
    Құрылыс басқармасының мәліметінше, соңғы бес жылда облыста 535 әлеуметтік нысан пайдалануға берілген. Жыл сайын құрылыс саласына орта есеппен 140 млрд теңге бағытталады. Бүгінде өңірдің құрылыс қоржынында жалпы құны 142,1 млрд теңгені құрайтын 128 дайын жоба бар.
    – Мемлекет басшысы Ұлттық қор қаражатын импортқа жұмсауға жол берілмейтінін ескертті. Сондықтан «Халықтық құрылыс» нысандарына қажетті құрылыс материалдарын мүмкіндігінше жергілікті кәсіпорындар өндіруі тиіс. Бұл ретте ірі өнеркәсіптік жобалардың уақытылы іске қосылуын қамтамасыз етіп, құрылыс материалдары өндірісін ұлғайту бойынша нақты ұсыныстар әзірлеу қажет. Сондай-ақ құрылыс нысандарына жергілікті тұрғындарды жұмысқа орналастыруға басымдық берілуі керек, – деді облыс әкімі.
    Ербол Қарашөкеев Мемлекет басшысының жол инфрақұрылымының сапасына қатысты талаптарын да назардан тыс қалдырмау қажеттігін айтты. Осыған орай 2027 жылға арналған жол жөндеу жоспарын бекітіп, жұмыстардың сапасына қатаң бақылау жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ кепілдік мерзімі ішінде анықталған ақауларды мердігерлер есебінен жоюды қамтамасыз ету міндетін қойды.
    Бұдан бөлек, бюджет қаражатын тиімді пайдалану, тиімсіз шығындарды қысқартып, қаржыны халыққа нақты пайда әкелетін жобаларға бағыттау мәселелері көтерілді. Ең төменгі жалақыны көтеруге және медицина қызметкерлеріне қосымша ақы төлеуге қажетті қаражатты есептеп, 2027 жылғы бюджетте қарастыру жөнінде ұсыныстар әзірлеу тапсырылды.
    Ауыл шаруашылығы саласында суармалы жерлердің көлемін ұлғайту, су үнемдеу технологияларын енгізу, сүт-тауарлы фермалар мен агрологистикалық орталықтар салу бағыттары бойынша жол картасын әзірлеу міндеттелді.
    – Жолдаудың мәні әрбір азаматқа жетуі тиіс. Бүгін берілген барлық тапсырманың орындалуы тұрақты бақылауда болады. Мемлекет басшысы көзбояушылыққа жол берілмейтінін, нақты нәтиже қажет екенін айқын айтты. Президентіміздің сенімін ақтау – баршамыздың ортақ парызымыз. Сондықтан алдағы жұмыстарымыз нақты нәтижеге бағытталуы керек, – деп қорытындылады Ербол Қарашөкеев.
    Айта кетейік, ел Президентінің Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық жоспар бекітілгеннен кейін өңірде тиісті облыстық іс-шаралар жоспары әзірленеді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Жамбыл облысының әкімдігі" жаңалықтары