Республика күні: Жуалы ауданында теміржол арқылы өтетін автожол өткелі ашылды

    1 / 12

    Республика күніне орай Жамбыл облысының Жуалы ауданында теміржол арқылы өтетін автожол өткелінің ашылу рәсімі өтті.

    Салтанатты шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев және Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров қатысты.

    Ербол Қарашөкеев Жуалы жұртшылығын ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтап, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында өңірде автомобиль жолдарын жөндеу және жаңарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті.

    Биыл жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерін жөндеуге барлық бюджет көздерінен 23,4 миллиард теңге бөлінді. Осы қаражат есебінен 73 жобаны жүзеге асыру көзделген. Жұмыстар аясында 134,6 шақырым автомобиль жолы мен бес жасанды құрылыс жөндеу және қайта жаңғыртумен қамтылады. Атап айтқанда, екі көпір мен үш теміржол өткелін салу, 5,7 шақырым көшені қайта жаңғырту және 128,9 шақырым автомобиль жолын орташа жөндеу жоспарланған.

    Жыл қорытындысы бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының үлесін 99 пайызға, ал елді мекендердің көше-жол желісін 91 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.

    – Бүгін осы жүйелі жұмыстың тағы бір маңызды нәтижесі – Боранды станциясындағы автокөлік өткелін ел игілігіне ұсынып отырмыз. Бұл мәселені аудан тұрғындары ұзақ уақыт бойы көтеріп келді.

    Бұған дейін автокөліктердің қозғалысы үшін су өткізуге арналған темірбетон құбыр пайдаланылып келді. Алайда оның техникалық өлшемдері көлік қозғалысына қойылатын талаптарға сәйкес келмей, жүргізушілер мен тұрғындарға қолайсыздық туғызды.

    Жаңа өткел осы мәселені шешіп, тұрғындардың қауіпсіз әрі кедергісіз қатынауына мүмкіндік береді. Елді мекендер арасындағы жол қатынасы жақсарып, күнделікті жүріп-тұруға қолайлы жағдай жасалады. Сонымен қатар бұл нысан ауданның аграрлық және туристік әлеуетін тиімді пайдалануға, іскерлік белсенділікті арттыруға және тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға ықпал етеді.

    Инфрақұрылым сапасы халықтың мемлекетке деген сеніміне тікелей әсер етеді. Тұрғындар көтерген мәселенің нақты шешімін табуы – мемлекеттік органдар жұмысының басты нәтижесі, – деді облыс әкімі.

    Жаңа автокөлік өткелінің құрылысына 923,4 миллион теңге жұмсалды. Жобаның мердігері – «Astana Building energy company» ЖШС.

    Өткелдің ұзындығы – 31 метр, биіктігі – 5,3 метр, ал жүру бөлігінің ені 8,5 метрді құрайды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Жамбыл облысының әкімдігі" жаңалықтары