Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев «Үлкен Еуразия: институттар, даму, ынтымақтастық» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты.
Іс-шара Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтында (ММХҚИ) өтті. Оған сондай-ақ, ҰҚШҰ Бас хатшысы Таалатбек Масадықов, РФ СІМ ТМД елдері үшінші департаментінің директоры Александр Стерник, РФ СІМ Экономикалық ынтымақтастық департаментінің директоры Дмитрий Биричевский, ҚХР-дың РФ-дағы Елшілігінің Уәкілетті министрі Тан Гоцай, Қырғызстанның РФ-дағы Елшісі Кубанычбек Боконтаев, РҒА-ның Қытай және қазіргі Азия институтының директоры Кирилл Бабаев, ЕЭК, ММХҚИ өкілдері, дипломаттар, ғалымдар, сарапшылар қатысты.
Өз сөзінде Д.Абаев құрлықтағы бар тетіктердің сан алуандығын қалай артықшылыққа айналдыруға, олардың бірін-бірі толықтыруын қамтамасыз етуге және жаңа бөлініс сызықтарының пайда болуына жол бермеуге қатысты мәселелерді пікірталас үшін маңызды деп атады. Оның айтуынша, негізгі орындардың бірін экономикалық құрамдас бөлік алады, яғни олЕуразия мемлекеттерінің трансшекаралық өндірістік тізбектерді, тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, капитал мен технологиялардың қозғалысын жеделдететін заманауи көлік инфрақұрылымы мен цифрлық дәліздерді құру қабілеті. Елші бұл тұрғыда Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуеті, минералды-шикізат және өнеркәсіптік базасы, сондай-ақ серіктестермен белсенді гуманитарлық байланыстары оның стратегиялық ресурстары болып табылатынын атап өтті.
Д.Абаев құрлықта қазірдің өзінде халықаралық ұйымдар мен форматтардың кең желісі:ЕАЭО, ТМД, ҰҚШҰ, ШЫҰ, АӨСШК бар екенін еске салды. Ол Орталық Азияның еуразиялық процестердің дербес қатысушысы ретіндегі маңызын ерекше атап өтті: бүгінде өңір өңірішілік шоғырланудың жоғары деңгейін көрсетіп отыр және өзінің халықаралық субъектілігін дәйекті түрде нығайтуда.
«Қазақстан экономикалық ынтымақтастық тұрақтылықты нығайтатын, көлік бағыттары мемлекеттерді байланыстыратын, институттар бірін-бірі толықтыратын, ал қауіпсіздік диалог пен сенімге негізделетін ашық әрі өзара байланысты Еуразияға мүдделі. Бұл бағытта біз барлық серіктестермен ынтымақтастықты дәйекті түрде дамытуға дайынбыз», – деп түйіндеді сөзін соңында Елші.









