1 / 11
Жамбыл облысында ұлттық мереке – Республика күніне арналған салтанатты жиын өтті.
Мерекелік іс-шара барысында Мемлекет басшысының Жарлығымен марапатталған бірқатар азаматқа мемлекеттік наградалар табысталды.
Салтанатты жиында өңір басшысы жамбылдықтарды ұлық мерекемен құттықтап, табанды еңбек пен ел бірлігінің арқасында Қазақстан халықаралық аренада беделі биік, әлемдік қауымдастықта өзіндік орны бар мемлекетке айналғанын атап өтті.
– Егемендікті сақтау, ел бірлігін нығайту, заң мен тәртіпті құрметтеу, адал еңбек ету және мемлекетіміздің дамуына үлес қосу – баршамызға ортақ міндет. Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамдағы тұрақтылық пен әділеттіліктің негізі болса, «Адал азамат» құндылықтары отаншылдыққа, жауапкершілікке және ел игілігіне қызмет етуге үндейді, – деді Ербол Қарашөкеев.
Облыс әкімі 2026 жылы елімізде жүзеге асқан саяси жаңғыруларға да тоқталды. Оның айтуынша, 15 наурызда өткен республикалық референдум нәтижесінде жаңа Конституция қабылданып, конституциялық өзгерістерге сәйкес бір палаталы Құрылтай депутаттарының сайлауы өтті. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Вице-Президенті тағайындалып, Қазақстан Халық Кеңесі құрылды.
Сондай-ақ өңір басшысы «Таза Қазақстан» бастамасының қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау мәдениетін қалыптастырудағы маңызына тоқталып, биыл басталған «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонының оқу мәдениетін дамытуға, білім мен зияткерлік әлеуетті арттыруға ықпал ететініне назар аударды.
– Осы құндылықтарды берік ұстану арқылы біз бірлігі жарасқан, болашағы баянды мемлекет қалыптастырамыз, – деді облыс әкімі.
Жиында Жамбыл облысының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері де айтылды.
2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында өңірде 1 триллион 103,6 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімі өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,1 пайызға өсті. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 466,6 миллиард теңгені құрап, 4,9 пайызға артты.
Негізгі капиталға салынған инвестициялар 721,9 миллиард теңгеге жетіп, өсім 37,1 пайызды құрады. Құрылыс саласында 283,7 миллиард теңгенің жұмысы орындалып, 530,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Әлеуметтік саланы дамыту бағытындағы жұмыстар да жалғасуда. 2026 жылы денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыруға 18,5 миллиард теңге қарастырылған. Білім беру саласындағы 14 нысанды дамытуға 11 миллиард теңге бөлінді. Қазіргі таңда өңірде жаңа мектептер мен қосымша оқу корпустарының құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар мәдениет және спорт нысандарын салу, жаңғырту жұмыстары жалғасып келеді.
Бүгінде Жамбыл облысында 2 465 спорт нысаны жұмыс істейді. Биыл тағы 13 нысанды пайдалануға беру жоспарланған.
– Бүгінгі жетістіктеріміз – ел бірлігінің, тұрақтылықтың және халқымыздың жасампаз еңбегінің жемісі. Әр азаматтың өз ісіне адал болуы, ортақ іске жауапкершілікпен қарауы, жас ұрпақты отаншылдыққа, білімге және адалдыққа тәрбиелеуі – бәрімізге жүктелген ортақ міндет. Біз ел бірлігін сақтап, адал еңбек пен жасампаздықты ту етіп, Қазақстанның өркендеуі жолында бірге еңбек ете береміз. Ата-бабадан аманат болған қасиетті жердің тұтастығын сақтау, Тәуелсіздігімізді нығайту және келер ұрпаққа қуатты мемлекет қалдыру – баршамыздың қасиетті парызымыз, – деп атап өтті Ербол Қарашөкеев.
Мерекелік жиын салтанатты марапаттау рәсімімен жалғасты. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және қоғамдық өміріне қосқан үлесі үшін бір топ азамат мемлекеттік наградаларға ие болды.
Атап айтқанда, «Қазфосфат» ЖШС логистика және теміржол көлігі кешенінің директоры Нұрлан Игембаев, Жамбыл аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев және «ПМК-109» ЖШС директоры Қанат Тлебаев «Құрмет» орденімен наградталды.
ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені «ТаразКожОбувь» ЖШС цехының бастығы Наталья Бажинаға, Меркі аудандық электр желілері кәсіпорнының электрмонтері Маратбек Сүлейменовке және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Жамбыл магистральдық желі бөлімшесі филиалының жүргізушісі Рыспек Сыздықовқа табысталды.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталғандардың қатарында «Қазфосфат» ЖШС жүргізушісі Экпар Амангелдиев, машинисі Гүлзира Әлімбаева, экологы Гүлжанат Байзақова, «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС жүргізушісі Ерлан Аманғозиев, «Таразтрансэнерго» кәсіпорнының жұмысшысы Асқар Бейсеков және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Шу машиналандырылған жол дистанциясы филиалының баптаушысы Ержігіт Өтебаев бар.
Сондай-ақ бірқатар азамат «Шапағат» медаліне, «Қазақстан Республикасының Парламентіне 30 жыл» мерекелік медаліне, Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына ие болды.
Бұдан бөлек, мемлекеттік қызмет саласындағы көпжылғы жемісті еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісі, ауыл шаруашылығы саласындағы еселі еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісі табысталды. Сонымен қатар бірқатар азамат Жамбыл облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен және Құрмет грамотасымен марапатталды.
Салтанатты жиын барысында облыс өнерпаздары мен эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылды.









