Жамбыл облысында аграрлық сала үздіктері марапатталды

    1 / 12

    Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне орай сала ардагерлері мен еңбеккерлерімен кездесті.

    Кездесуде өңір басшысы ауыл шаруашылығының облыс экономикасындағы стратегиялық маңызына тоқталып, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде диқандар мен мал шаруашылығы мамандарының еңбегі айрықша екенін жеткізді.

    – Жамбыл жері – ежелден егіншілік пен мал шаруашылығының алтын бесігі. Ата-бабамыздан жалғасқан кәсіпті бүгінгі ұрпақ лайықты жалғастырып келеді.

    Нан – тіршілік негізі. Ал оның әрбір дәнінде таң атпай далаға шығып, күн батқанша тынымсыз еңбек ететін сіздердің маңдай терлеріңіз бар. Көктемнің суығы мен жаздың аптабына, күздің жаңбыры мен қыстың боранына қарамастан, ел ырысын еселеп жүрген еңбектеріңізге халықтың алғысы шексіз. Еңбек адамын ұлықтау – біздің парызымыз, – деді Ербол Қарашөкеев.

    Биыл өңірдің аграрлық саласында оң көрсеткіштер қалыптасты. Жыл басынан бері 562,7 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 5,1 пайызға өсті.

    Егіс алқабы 654,9 мың гектарды құрады. Қант қызылшасының көлемі 9,9 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Науқан қорытындысында 872 мың тонна дәнді және дәнді-бұршақты дақыл, 984 мың тонна көкөніс, 200 мың тоннадан астам картоп жиналды.

    Техникалық әлеуетті арттыру мақсатында 442 жаңа техника сатып алынды. Оның ішінде 423 трактор мен 19 комбайн бар. Нәтижесінде машина-трактор паркін жаңарту деңгейі 7,4 пайызға жетті.

    Мал шаруашылығында 98,3 мың тонна ет және 200,5 мың тонна сүт өндірілді. Ал салаға тартылған инвестиция көлемі 160 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,5 есеге артты.

    Сонымен қатар облыс әкімі жуырда Астанада өткен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің III республикалық форумында Мемлекет басшысы агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың басым бағыттарын айқындағанын атап өтті.

    – Форумда агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа бағыттары айқындалды. Саланы ұзақ мерзімді қаржыландыру, су үнемдеу технологияларын енгізу, цифрландыру және өнімді терең өңдеу – алдағы кезеңдегі басты міндеттеріміз.

    Біз үшін ерекше мақтаныш – жерлесіміз, «Мерке ірімшік зауыты» ЖШС директоры Дастан Айтөленовтің «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болуы. Дастан Тұрсынұлын лайықты марапатымен шын жүректен құттықтаймын! – деді өңір басшысы.

    Салтанатты шарада агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға және ауыл шаруашылығының өркендеуіне үлес қосқан азаматтар марапатталды.

    Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен Шу ауданындағы «Атай» шаруа қожалығының басшысы Сәкен Атаев пен Талас ауданындағы «Зерхат» шаруа қожалығының басшысы Ержан Мейірбеков наградталды.

    Ал Жуалы ауданындағы «СМТС» ЖШС директоры Лечи Оздамировке «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталды.

    Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері», «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгілері, Министрдің Құрмет грамотасы, облыс әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі мен Құрмет грамотасы берілді.

    Марапат иелерінің қатарында сала ардагерлері, шаруа қожалықтарының басшылары, егіс бригадирлері, бағбандар, механизаторлар және өзге де еңбек адамдары бар.

    Басқосу барысында сала өкілдері ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған бастамаларға ризашылықтарын білдірді.

    Шара соңында Ербол Қарашөкеев ауыл шаруашылығы еңбеккерлерімен бірге естелік суретке түсті.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Жамбыл облысының әкімдігі" жаңалықтары