Ақтауда 25 қазан - Республика күніне орай «Еңселі елім - Қазақстан» атты салтанатты жиын өтті. Мерекелік іс-шарада облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңір тұрғындарын ұлттық мерекемен құттықтап, елдің дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматқа мемлекеттік наградалар мен ведомстволық марапаттарды табыстады.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Республика күнінің тарихи маңызына тоқталып, оның ұлттық бірегейлікті нығайтудағы және мемлекеттілік дәстүрін дәріптеудегі орны ерекше екенін атап өтті.
-Республика күні - халқымыздың сан ғасырлық мемлекеттілік дәстүрін жаңғыртып, ата-бабаларымыздың азаттық туралы асқақ арманын айшықтайтын тарихи мереке. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесінің қайтарылуы - тарихи жадымызды жаңғыртып, ұлттық рухымызды нығайтқан маңызды қадам. Бүгінде біз бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманы орындалған тәуелсіз елде өмір сүріп отырмыз. Ендігі міндет - егемендігімізді нығайтып, еліміздің болашағы үшін бірлесе еңбек ету, - деді Нұрдәулет Қилыбай.
Мереке аясында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ведомстволық наградасы - «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісімен бірқатар азамат марапатталды.
Сондай-ақ мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі ерен еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін азаматтарға мемлекеттік наградалар табысталды. Атап айтқанда, бірқатар азамат «Құрмет» орденімен, ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат» медальдарымен марапатталды.
Салтанатты жиында жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамытуға және ауылдық округтердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға үлес қосып жүрген үздік ауыл әкімдерінің еңбегі де атап өтілді. Осы мақсатта ұйымдастырылған «Үздік ауыл әкімінің аппараты - 2025» байқауының жеңімпаздары марапатталды.
«Үздік ауыл әкімінің аппараты - 2025» байқауының қорытындысы бойынша І орынды Жаңаөзен қаласының Рахат ауылдық округі әкімінің аппараты, ІІ орынды Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылы әкімінің аппараты, ал ІІІ орынды Маңғыстау ауданы Ақтөбе ауылдық округі әкімінің аппараты иеленді.
Іс-шара ел мерейін асқақтатқан мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасты.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі









