Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алудан бастап, жалға берілетін пәтерлердегі түнгі шу мәселесіне дейінгі өзекті тақырыптар Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінде өткен дөңгелек үстелде талқыланды. Кездесу облыстық прокуратураның үйлестіруімен СҚО-дағы криминогендік ахуалды жақсарту жөніндегі жол картасын іске асыру аясында өтті.
Дөңгелек үстелге құқық бұзушылықтардың алдын алу субъектілері болып саналатын мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Бұл мәртебе былтырғы жылдың соңында қабылданған «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заңда айқындалған. Заңда профилактика субъектілерінің тізімі кеңейтіліп, олардың қатарына, мысалы, мүлік иелерінің бірлестіктері мен пәтер иелері кооперативтері енгізілді. Сондықтан талқыланған мәселелердің басым бөлігі күнделікті тұрмысқа қатысты болды.
Шухов көшесіндегі мүлік иелері бірлестігінің төрағаларының бірі өрт кезінде үй ауласындағы көліктердің ретсіз қойылуына байланысты арнайы техниканың оқиға орнына жете алмағанын айтып, мұндай жағдайда не істеу керектігін сұрады. Полицейлер мұндай жағдай туралы 102 арнасына немесе учаскелік полиция инспекторына хабарлау қажет екенін түсіндірді. Сонымен қатар үй тұрғындарының ортақ чатында түсіндіру жұмыстарын жүргізу ұсынылды.
Сондай-ақ бірлестіктер мен кооперативтердің төрағаларына жалға берілетін пәтерлердегі проблемалар мен қолайсыз отбасылар туралы хабарлау ұсынылды. Өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды анықтау қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алуда маңызды рөл атқарады. Полицейлер бұл бағытта білім беру, қорғаншылық және қамқоршылық, әлеуметтік қорғау органдарының қызметкерлерімен бірлесіп жұмыс жүргізіп келеді. Ал мүлік иелері бірлестіктері мен кооперативтердің төрағалары отбасылардағы ықтимал проблемалар туралы құқықтық салдар туындамай тұрып хабарлауға мүмкіндік алады.
Дөңгелек үстелдің негізгі қорытындысы – ақпаратпен жедел алмасудың маңыздылығы. Қатысушылар бірлескен жұмыстағы міндеттерді бөлісіп, кәмелетке толмағандар мен бұрын сотталған адамдар арасындағы қылмыстың, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың және интернет-алаяқтықтың алдын алу сияқты басым бағыттарды белгіледі.
Полицейлердің мәліметінше, жүйелі профилактикалық жұмыстың нәтижесінде биылғы тоғыз айда СҚО-да қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар саны 18,4%-ға, көшелерде жасалған қылмыстар 13,5%-ға, өтелмеген соттылығы бар адамдар жасаған қылмыстар 10,3%-ға азайған. Қылмыстардың жалпы саны 18,5%-ға, ауыр қылмыстар 3,3%-ға, аса ауыр қылмыстар 4,2%-ға төмендеген.
СҚО ПД профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасының бастығы Александр Розбах «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында ведомствоаралық тығыз өзара іс-қимыл жасау проблемаларды дер кезінде анықтауға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және адамдардың өмірін жақсартуға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.









