1 / 8
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Құтқарушы күніне арналған салтанатты шараға қатысып, азаматтық қорғау саласының үздік қызметкерлеріне құрмет көрсетті.
Салтанатты жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылды. Бұдан соң қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан құтқарушылардың рухына тағзым етіліп, олардың есімі бір минут үнсіздікпен еске алынды.
Аймақ басшысы құттықтау сөзінде құтқарушылардың қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі айрықша рөліне тоқталып, ел Президентінің сала қызметкерлеріне берген жоғары бағасын атап өтті.
– Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев құтқарушыларға мемлекеттік наградалар табыстап, сіздердің еңбектеріңізге жоғары баға берді. Президентіміз құтқарушыларды «бейбіт күннің батырлары» деп атап, олардың төтенше жағдай кезінде көмекке бірінші болып ұмтылатынын айтты. Бұл – қиын сәтте халықтың жанынан табылып, адам өмірін сақтап қалу жолында аянбай еңбек етіп жүрген барша құтқарушыға көрсетілген зор құрмет, – деді Ербол Қарашөкеев.
Облыс әкімі өңірде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою мүмкіндіктерін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Атап айтқанда, 2026 жылы өрт сөндіру-құтқару бөлімшелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, заманауи техникамен жабдықтауға және шалғай елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 530 миллион теңге қарастырылған.
Мойынқұм ауданының Мыңарал ауылында, Балқаш көлінің жағасында заманауи құтқару станциясы ашылды. Қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген станция «Voyager» маркалы катермен жарақтандырылды.
Сонымен қатар өрт сөндіру-құтқару бөлімшелерінің техникалық әлеуетін арттыру мақсатында «Toyota Hilux» маркалы төрт жедел-құтқару автокөлігі, екі өрт сөндіру автокөлігі және еуропалық стандарттарға сай 27 жиынтық заманауи жауынгерлік киім сатып алынды.
Шалғай ауылдардың тұрғындары мен аумағын өрттен қорғау үшін «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жаңа өрт сөндіру пункттерін салу жұмыстары да қолға алынған. Облыс бойынша барлығы 27 пункт салу жоспарланса, оның 24-і жаңадан бой көтеріп, үшеуі жаңғыртылады. Қазіргі уақытта құрылысқа арналған жер учаскелері анықталып, 10 пунктте құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
– Сіздердің еңбектеріңіз зор құрметке лайық. Қиын сәтте халықтың жанынан табылып, адам өмірін сақтау жолында аянбай қызмет ету – ерлік пен азаматтық жауапкершіліктің айқын үлгісі. Қызметтік міндеттерін адал атқарып жүрген барша құтқарушыға, азаматтық қорғау саласының қызметкерлері мен ардагерлеріне шынайы алғысымды білдіремін, – деді облыс әкімі.
Салтанатты шара барысында кәсіби мерекеге орай қызметтік міндеттерін адал атқарып, өңірдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосқан азаматтық қорғау саласының қызметкерлеріне облыс әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісі, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табысталды.
Сондай-ақ Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Арман Тоқанов құттықтау сөз сөйлеп, сала қызметкерлеріне арнаулы атақтар берді. Бұдан бөлек, бірқатар маман «Азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін», «Құтқарушы» белгілерімен және «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.









